Өз ісінің шеберлері марапатталды

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ МО филиалы «Медицина қызметкерлері» күніне орай өз саласының үздіктерін құттықтады.

Маусымның үшінші жексенбісінде «Медицина қызметкерлері күнін» дәрігерлер мен медбикелер, санитарлар мен лаборанттар, денсаулық сақтау саласының басқа да көптеген бейіндерінің мамандары атап өтеді.

Биылғы жылы, бәлкім, бүкіл тарихта алғаш рет мерекеге аса көңіл бөлінді. Өйткені, «коронавирус пандемиясы» дәрігерлердің бүкіл қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Бұл «Медицина қызметкерлері күні» дәрігерлерге тағы да бір рахмет айтудың себебі болды.

Осыған орай,  облыстың медицина қызметкерлеріне – халық денсаулығын сақтау ісіне өз үлестерін қосып жүрген абзал жандарға құрмет көрсетілді. «SENIM» кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы бірқатар медициналық ұйымдарға барып, денсаулық сақтау саласының мамандарын құттықтады. Яғни, филиал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгісімен облыстық аурухананың нейрохирург дәрігері Б.А. Чагайды, «Еңбек ардагері» медалімен симуляциялық-тренингтік орталықтың аға әдіскері Т.А. Керееваны және «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен жедел-жәрдем станциясының аға фельдшері Қ.Ж. Қадырованы марапаттап, ҚР ДСМ-нің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ төсбелгісімен балалар ауруханасының директоры А.Қ. Жумиров, облыстық ауруханың инфекционист-дәрігері Г.А. Нұржанова және Жаңөзен көпбейінді қалалық ауруханасының аға медбикесі Р.А. Такенова марапатталып, 8 қызметкерге 100 000 теңге көлемінде ақшалай сертификаттар мен Құрмет грамоталары табысталды.

«SENIM» филиалының төрайымы Д.Б. Нұрпеисова, өз кезегінде, пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік жүктелгенін, осы кезеңде көрсетілген дәрігерлердің кәсіби және құрбандық деңгейі таңданыс тудыратынын атап өтіп, барлық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Аталмыш іс-шара облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы М.О. Тумановтың және басқа да құрметті қонақтардың қатысуымен өтті. Құттықтау сөзімен кәсіподақтар орталығының төрағасы сөз сөйлеп, «Дәрігер – бұл адамға берілген ең үлкен құндылықтарды – өмір мен денсаулықты қорғайтын ең игілікті кәсіптердің бірі» екенін атап өтіп, кәсіподақ атынан денсаулық сақтау саласының үздіктерін Құрмет грамоталарымен марапаттады.