Қарағанды облысы әкімдігінің ғимаратында әкімнің орынбасары Абзал Нүкеновтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету, Төртінші өнеркәсіптік революцияның инновациялары мен элементтерін енгізу және облыс кәсіпорындарын технологиялық қайта жарақтандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және т.б. мәселелер қаралды.
Қарағанды облысы кәсіподақтарының бастамасы бойынша үш жақты комиссия мүшелеріне облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмыстан босатылатын қызметкерлерді қысқарту және жұмысқа орналастыру жағдайы бойынша Мемлекеттік органдардың жұмысы туралы ақпарат жеткізілді.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы – Әсем Жүніспекованың деректері бойынша қызметкерлер қысқарған кезде «Еңбек» өңірлік бағдарламасының барлық әлеуеті пайдаланылады, оның шеңберінде 43 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.
Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде осы бағдарламаны іске асыруға қосымша 1,5 млрд.теңге бөлінді, бұл қосымша 4348 адамды қамтуға мүмкіндік береді, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға-3880, жастар практикасына-327, мемлекеттік гранттар бойынша бизнес-идеяларды іске асыруға-141.
2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша осы бағдарламаға 17 077 адам қатысты, 13 815 адам жұмысқа орналастырылды.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 63,7 млрд.теңге сомасына 625 жоба іске асырылуда, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 16 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 712 адам тұрақты жұмыс орындарын алады.