Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау – кәсіподақ қызметінің басты бағыттарының бірі. Жұмыс беруші жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қорғауға баса назар аударуы тиіс. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда еңбек заңнамасында көрсетілген нормаларды түсінбеу және білмеу салдарынан жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында келіспеушіліктер туындап жатады. Іс жүзінде жұмыс берушілердің қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларын әдейі елемеу жағдайлары да кездеседі. Еңбек құқығын қорғаудың маңызды тәсілдеріне еңбек дауларын шешу жатады. Еңбек дауларын болдырмауда кәсіподақтар ерекше рөлге ие, олардың негізгі міндеті жұмысшылардың мүдделерін қорғау, әлеуметтік шиеленістер мен еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу болып табылады. Ал, еңбек дауы болған жағдайда кәсіподақтар оны дер кезінде оңтайлы шешуге атсалысады.
«Кезби» ЖШС-нің жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында түсінбеушілік пен келіспеушілік туындағандықтан, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары Қ. Жаңабеков Маңғыстау облысының әкімі С.Тұрымов, «Кезби» ЖШС-нің басшылығымен, қызметкерлермен кездесулер өткізді.
Маңғыстау облыстық кәсіподақтар ғимаратында өткізілген кеңейтілген отырысқа ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Қ. Жаңабеков, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Ш.Ермекбайұлы, Жаңаөзен қаласының әкімінің орынбасары Ғ. Байжанов,Маңғыстау облыстық еңбек басқармасының басшысы Ә. Іңкәров пен орынбасары Н.Баулыбаев, Маңғыстау облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы М.Туманов пен орынбасары Н. Көлдеубаев, «YNTYMAQ» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы С. Бекғалыев, «Кезби» ЖШС жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Жапаров қатысты. Отырыста жұмысшылар өкілдері жеткізген жұмысшылардың қойған талаптары тыңдалып, жұмысшыларға орын алған жағдай туралы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, нәтижесінде олардың талаптары әлеуметтік әріптестік аясында оң шешімін тапты.
Жұмысшылар қойған талаптарды назарға алып, жұмыс беруші тарап жұмысшылардың тұрмыс жағдайларын ескере отырып, 25 адамды жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары Қ. Жаңабеков әлеуметтік әріптес аясында қойылған мәселелердің оңтайлы шешілуіне белсенді атсалысқан жергілікті билік өкілдеріне және де жұмыс беруші «Кезби» ЖШС-нің басшысы Бітім Кезбаев мырзаға алғыс білдірді.
Қазіргі таңда жұмыс беруші тарап жұмысшылардың жағдайларын ескере отырып, жұмыстан босап қалған уақытындағы жұмысшылардың келісілген өтем ақысын төлеп, жұмысшыларды қайтадан қызметтеріне қабылдап жатыр. Бұл әлеуметтік әріптестік аясында, бітімгершілік пен өзара түсіністік арқасында жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек жағдайы мен мүдделерін қорғауда бірлесіп қабылданған оңтайлы шешім болды.