«Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы – қатаң карантиндік талаптар шеңберінде жұмыстарын жалғастыруда

Орал қаласы үшін жылу, ыстық су жеткізіп, бу және газ турбиналық қондырғыларда электр энергиясын өндіруде ең ірі кәсіпорын болып танылатын – «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы бүгінде өзінің жұмысшыларына лайықты еңбек жағдайын жасаушы кәсіпорын ретінде де танымал. Дәл қазіргі уақытта кәсіпорын қатаң карантиндік талаптарды сақтай отыра, жұмыстарын жалғастыруда. Осы орайда, Федерация бастамасымен құрамында кем дегенде 300-ден 500-ге дейін, 1500-нан 3000-ға дейін жұмысшыларды қамтитын кәсіпорындарды еңбек қатынастары аясында жұмыстануын сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуын  бақылау мақсатында қоғамдық мониторингтік топтар құрылған болатын.

Кәсіпорындағы жұмысшылардың салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы  Н.Нугмановтың мәлімдемесі бойынша, кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері карантиннің алғашқы кезеңінен-ақ санитарлық талаптарға дайындалған. Барлық  жұмысшылар көпреттік бетперделермен, жұмыс барысында қолданылатын қолғаптардан бөлек, медициналық қолғаптармен, антисептик ерітінділерімен қамтылған болса,  мекеме ғимараты дене қызуын өлшейтін термометр құрылғыларымен, бірреттік бетперде салынған жәшіктермен, антисептик сұйықтықтары құйылған бөтелкелермен қамтылған. Әр ауысымда екі рет хлор ерітіндісі қосылған сумен цехтар тазаланады. «Бүгінде аталмыш кәсіпорын жұмысшыларының салалық кәсіподақ ұйымында 1007 мүше бар. Ұжымдық келісім аясында жұмысшылардың еңбек қатынасындағы құқықтары бірінші орында қорғалып келеді» – дейді, кәсіподақ жетекшісі.

Кәсіпорын басшылығы, цех бастығы, ауысымдық аға бастықтар, бас энергетиктер күрделенген карантиндік талаптардың бұзылмауына өздерінің тікелей жауапты екендерін жеткізді.

“БҚО кәсіподақтар орталығы” АКБ