Кәсіподақ елорда әкімдігімен қауіпті індетпен күресу шараларын бірлесіп жүргізуде

Пандемияға байланысты жарияланған карантин уақытында да Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елорда тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау, оларға әлеуметтік көмек көрсету және кеңес беру, одан басқа қаланың даму жобасын жалғастыру, абаттандыру және тіршілікті қамтамасыз ету, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп отыр.

Сонымен қатар, әлеуметтік әріптес ретінде Нұр-Сұлтан қаласының кәсіподақтар орталығымен бірлесіп еңбек адамдарына қолдау көрсетуде маңызды шараларды да ұйымдастырып келеді.

Күн сайын елорда әкімдігі COVID-19-дың профилактикасы мәселелері бойынша халықты үнемі бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі арқылы ақпараттандырып, түсіндірме жұмыстарын өткізеді.
Қазіргі уақытта инфекциядан қорғанудың ең тиімді амалы – жеке гигиена мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету. Осы бағытта Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі аппаратында да COVID-19 коронавирустық инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында іс-шаралар күшейтілген.

Әкімдіктің тәуекел тобындағы қызметкерлерінің 80%-ы қашықтықтан жұмыс режиміне ауыстырылған.

Олардың арасында 54 жастан асқан адамдар, сондай-ақ созылмалы аурулары бар, иммунитеті төмен адамдар және жүкті әйелдер оқшауланып жұмыс істеуде. Қала әкімдігінің ғимаратына бір есіктен кіру ұйымдастырылған. Әкімдік ғимаратының фойесінде қызметкердің дене қызуын бақылауды қамтамасыз ету үшін арнайы металл арка сүзгісі орнатылған. Қызметкерлер кіру сүзгісінен өткеннен кейін, оларды медицина қызметкері тексереді. Егер қызметкерде дене қызуы жоғары немесе инфекциялық ауру белгілері болған жағдайда жұмыс орнына жібермей, аппарат қызметкерлерімен арасындағы байланыстарға шектеу қойылады.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай әкімдік ғимаратының әр қабатында қолды өңдеу үшін санитайзерлер орнатылған, дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды тазалау, желдету жұмыстары жүргізіліп отырады.