Батыс Қазақстан облысында коронавирус пандемиясымен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері «Ақжайық» шипажайында ем қабылдап, демалуға мүмкіндік алды.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің ұсынысымен дәрігерлерді «Ақжайық» шипажайында тегін демалдыру жөнінде шешім қабылданған болатын.
Теректі ауданы аумағындағы Жайық өзені жағалауында орманды жерде орналасқан «Ақжайық» шипажайы – елге кеңінен танымал демалыс орны. Шипажай директоры Альберт Сафиуллиннің айтуынша, осы уақытқа дейін тоғыз дәрігер шипажайда ем алды. Бүгінде 21 медицина қызметкері ем алуда. Жұқпалы аурулар ауруханасы мен провизорлық стационарларда қауіп-қатерге қарамай, күн-түн демей еңбек етіп жүрген дәрігерлер (барлығы 200-дей) демалысқа шыққан кезінде, яғни қыркүйек айының аяғына дейін қабылданатын болады.
Демалушылар тиісті ем-дом қабылдайды, сонымен қатар клубта ұйымдастырылатын мәдени шараларға қатысып, бильярд, теннис ойнайды. Шипажайда сауна мен бассейн бар. “Ақжайық” шипажайында денсаулығын шыңдап, тыныққан медицина қызметкерлері өз қызметтеріне қайта оралатын болады.