Адамды адам еткен еңбек! Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ал, кәсіподақ – еңбек адамының сенімді тірегі. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың көтерер жүгі баршылық. Еңбек ұжымдарындағы ауызбіршілікті қамтамасыз етіп, жұмыс берушімен еңбек нарығы қатынастарында қарапайым азаматтардың мүддесін білдіру – кәсіподақтардың мақсаты. Ол бірінші кезекте еңбекақының уақтылы төленуі, қажетті еңбек ету жағдайының ұсынылуы тәрізді мәселелер. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 26 съезінде қаралатын басты тақырыптардың бірі – еңбек адамының жағдайы. Кәсіподақтар еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек қауіпсіздігі, басқа да еңбек жағдайларына байланысты өзекті мәселелерді ұдайы назарда ұстап келеді. Ең басты міндеттердің бірі – еңбек адамы менен жұмыс беруші екеуінің арасындағы еңбек шарты мен ұжымдық шарттарының екі жаққа да тиімді түзілуі және сол шарттардың барлық баптарының толықтай орындалуы.
Бұл бағытта Шымкент қаласы әкімдігі, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Жұмыс берушілер конфедерациясы арасындағы үшжақты келісім аясында тұрақты жұмыс жасалуда. Оның отырысында еңбек қатынастары, оның ішінде еңбек, ұжымдық шарт жасасу бойынша, өндірістік жазатайым оқиғалар және жалақы қарыздары орын алған кәсіпорындар, мекемелер басшыларының қатысуымен қарап, олардың жауапкершілігін арттыру жұмыстары және алдын алу шаралары тұрақты негізде күн тәртібіне сәйкес жоспарлы жүргізілуде. Қазір лайықты еңбек жағдайына қол жеткізудің, еңбекті қорғау шараларына қатысты ҚР Еңбек кодексіндегі талаптар өз дәрежесінде жүзеге асып жатқан жоқ.
Мысалы, ұжымдық шарт, өндірістік кеңестерге байланысты жұмыс берушінің де, жұмысшының да тарапынан толық түсінік қалыптаспай отыр. Бұған қаламыздағы 16 204 кәсіпорынның 1179-да немесе 7,3 пайызында ғана ұжымдық шарттардың қабылдануы дәлел. Әлі күнге дейін қоғамда еңбек шартын жасамай таңертең жұмыс жасап, кешке конвертпен жалақысын алып жатқан жағдайлар болып жатыр. Ол жерде ешқандай еңбек шарты жоқ. Бұл заңсыз іс-әрекеттер деп айтуға болады. Себебі, қандай да бір еңбек қатынасы міндетті түрде еңбек шартына негізделуі тиіс. Егер жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы келісімшарт толық орындалса, қоғамда еңбек дауы туындамас еді. Ұжымдық шарт – кез келген мекеме мен кәсіпорынның Конституциясы, кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы. Ұжымдық шарт – мекеменің еңбек қатынастарын толық реттейтін бас құжатына айналуы қажет.
“YNTYMAQ” салалық кәсіподақ орта және шағын бизнес саласы жұмыскерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Әлтеев