Алпыс жылдан астам тарихы бар “Астана су арнасы” МКК елорданың тіршілігіне нәр беріп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған маңызды кәсіпорындардың бірі. Жыл сайын компания сумен қамтамасыз ету, кәріздендіру бойынша қызмет көрсету сапасын арттыру және қаланың экологиялық қауіпсіздігін жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Осы ретте Құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің қалалық кәсіподағының құрамына кіретін “Астана су арнасы” МКК кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымы да белсенді жұмыс атқаруда.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасының міндетін атқарушы Т.Күнәділов бастаған өкілдер аталған кәсіпорынға барып, кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлеріне жуық арада өткізілетін ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезі жөнінде ақпараттық түсіндіру өткізді.
Ұйым төрағасы Мұрат Темірболатовтың айтуынша, «Қазіргі таңда кәсіпорында жұмыс істейтін 2000 адамның барлығы кәсіподақ ұйымының қатарында. Олардың 30 пайызын жастар құрайды.
Жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 6 адамнан құралған өндірістік кеңес және 5 техникалық инспектор жұмыс істейді. Коронавирус пандемиясы кезінде қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалып отыр.
Кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ ұйымы тарапынан айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырады. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болған және материалдық көмекке аса мұқтаж 100 қызметкерге 25 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілген. Осындай көмек Құрбан айт мейрамы күні де берілген».
Бұл игі іс кәсіподақтың сөзбе-сөз емес, іс жүзінде нақты көмек көрсететінін тағы да дәлелдейді.