Елдің ертеңі саналатын оқушылар бір жылға есейіп, бір сынып жоғарлады. Бірі енді мектеп есігін ашпақшы болса, енді бірі 11 сыныпқа қадам басуда. Бірақ, биылғы оқу жылы бұрынғыдан өзгеше. Қашықтықтан білім алады. Бұл педагогтар мен оқушылардың өміріндегі оң өзгерістер, жаңа бастамалармен толығу кезеңі.
Шектеу шараларын ескеріп, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Мектепке жол» акциясы аясында жаңа оқу жылына оқушыларды дайындау жұмысын бастап кетті. Құрамындағы 27 000 мүшесі бар ірі ұйым 20 оқушының тізімін жинақтап, қажеттіліктерін анықтады.
Аталған қайырымдылық шарада облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Ләйлә Сағынғалиқызы оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
«Кәсіподақ мүшелеріне қолдау білдіріп, балаларын қажетті құралдармен қамту мақсатында дәстүрлі акцияны өткізіп отырмыз. Аудандық, қалалық филиалдар мен облыстық ұйым есебінен 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге көлемінде қаржы бөлдік. Оқушыларымыз сабақтарын жақсы оқып, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат пен азаматшалар болады деген сенімдемін»,-деді кәсіподақ өкілі Ләйлә Сағынғалиқызы.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларының таңдауына қарай смартфон, билайн роутер, кеңсе тауарлары алынып, облыс орталығына жақын аудандар және қалалардың оқушыларына табыс етілді.
Шара барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті кәсіподақ филиалының төрағасы Ерлан Хаймолданов сөз алып, барша оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Көмек алған сала қызметкерлерінің балалары білім алуына жағдай жасағаны үшін облыстық ұйымға алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Бұл шара алдағы уақытта да жалғасып, жыл бойы кәсіподақ тарапынан түрлі материалдық көмектер көрсетілетін болады.