ҚРКФ 26 Съезі – бірлік пен тұрақтылық!

Бірлік – еліміздің ең басты ұстанымдарының бірі. Еліне жанашыр, сауатты, ашық қоғамның халқы үшін ең басты міндет – елдегі тұрақтылықтың сақталуына ұдайы өзіндік үлес қосып отыру деп білемін. Ал, сол аталмыш үлестің ең басты көрсеткіш бірлігі – білім. Қолжетімді, тыңғылықты, сапалы білімнің ешқандай кедергісіз тәуелсіз ел ұрпақтарының бойына сіңірілуіне себепші тұлға – ұстаз. Халқымыз өз тарихынан бері ағартушылыққа бет бұрып, артынан шәкірт еріткендерге ерекше құрметпен қараған. Мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігін сала мамандары ғана емес, кәсіподақ ұйымдары да түсініп, үнемі қолдауларын көрсетіп келеді. Мұғалімдердің құқықтары мен талаптарын, лайықты жалақыға қол жеткізу және тиімді еңбек шарттарын жасасу мәселелері аясында кәсіподақ қозғалысының атқарып келе жатқан істері бәріне аян. Еліміздегі бүгінгі ахуал салдарынан кәсіподақтар қолдауына көбірек жүгінгендерде – осы педагогтар қауымы екенін жасырмаймын. Дегенмен, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен пандемия кезінде білім саласы мамандарының бірнеше қатарда тұрған құқықтық және әлеуметтік мәселелері өзіндік шешімін тапты. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті мамандары, аталмыш оқу орнының бастауыш кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, еліміздегі төтенше жағдай кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған аймақ тұрғындарына әлеуметтік қолдаулар көрсетіп, азаматтық қоғамда өздерінің жарқын бейнелерін үлгі ете білді.

Мемлекетіміздің білім саласы мамандарына бөлінген назары мен қолдауы жыл сайын жаңарып, жан-жақтыланып келеді. Бұл – мұғалімдер үшін үлкен жетістік. Одан бұрын сол мұғалімдердің мәселесін көтеріп, лайықты еңбек жағдайлары үшін күресіп жүрген кәсіподақ ұйымдарының жетістігі деп ойлаймын. Қолданысқа келгеніне бір жыл болған «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануының өзі де үлкен еңбектің нәтижесі еді. Кеше ғана қабылданған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі – Асхат Айтмағамбетовтің жоғары оқу орындары мұғалімдерінің жалақы көрсеткіштерін 25 пайызға өсіру туралы ұсынысы жоғары оқу орынның мамандарын ерекше ынталдырды. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының 2 қыркүйек күні оздырылатын 26 съезінде білім саласы мамандарының ең өзекті деген мәселелері ортаға салынып, сала мамандары үшін әлеуметтік және еңбек қатынастары аясында жағымды жаңалықтар мен бастамалар бой көтереді деген үміттеміз.

Сүлейменов Мерген,
(М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы)

#ЕдинствоСправедливостьРазвитие
#26съездФПРК
#БірлікӘділеттілікДаму
# ҚРКФ26съезі