Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы кезекті атқару комитетінің отырысын өткізді.
Оған аудандық, қалалық филиалдарының төрағалары, атқару комитетінің мүшелері, облыстық ұйымның аппарат қызметкерлері қатысты.
Бейнебайланыс арқылы өткен алқалы жиынның күн тәртібінде «COVID-19» пандемиясы жағдайында білім қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру және құқықтарын қорғау, ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарының аясында педагогтердің мәртебесін сақтау және әлеуметтік кепілдіктер беру, сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі Ескелді, Қаратал аудандық филиалдарының есебін тыңдау туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық кәсіподақ ұйымы төрағасының міндетін атқарушы Самал Бакирова сөз алып, әлемді жайлаған індетпен күрес кезінде қоғамдық бірлестік бірқатар шараларды атқарып, кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсетілгенін айтты. Қашықтықтан жұмыс істеу кезінде кіші қызметкерлердің еңбекақысының төленуі жайында көптеген өтініштер қаралып, оң шешімі табылғанын жеткізді.
Сонымен қатар, әлі де кәсіподақ мүшелерінің сақтық шараларын ұстанып, денсаулықтарына бақылау жүргізу, қажетінше көмек көрсету жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды.
Екінші мәселе бойынша Қаратал аудандық филиалының төрағасы Б. Абақов пен Ескелді аудандық филиалының төрайымы А. Айтбузинова ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарының жергілікті жерлерде орындалуы жайында баяндамаларын жасады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының ішкі жұмыстары қаралды. Қаралған мәселерлерге атқару комитетінің мүшелері оң баға беріп, қажетті қаулыларды қабылдады.