Облыстық кәсіподақ ұйымы ақылы бөлімде білім алушы студентке шәкіртақы тағайындады

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жоғарғы сынып оқушылары арасында «Ұстаз болғым келеді-2020» эссе байқауын екінші жыл қатарынан өткізді.

Облыс көлемінде ұстаз мамандығына деген сұраныс көбейіп, мектеп түлектеріне насихаттау жұмыстары жүргізіліп, облыстық кәсіподақ ұйымы демеушілік жасауды қолға алды.

Байқау Ережесі барлық білім беру мекемелеріне жіберіліп, іріктеу және қорытынды кезеңдері өтілді. Өткен жылдан қарағанда биыл қатысушылар саны артты.

Ұстаз деген ұлы мамандыққа қызығушылық танытқан 112 оқушының 28–і облыстық кезеңде бақ сынап, Көксу, Кербұлақ, Алакөл аудандық және Текелі қалалық филиалдарының атынан сынға түскен жоғарғы сынып оқушылары өзара жүлделі орындарды иеленді.

Алайда, ұлттық тестілеуден аз балл алуына және өзге оқу орындарына оқуға түсулеріне байланысты тағайындалған шәкіртақы төленбеді.

Күні кеше аталған мәселе облыстық кәсіподақ ұйымының атқару комитетінде қаралып,  қорытынды кезеңде әділқазы алқаларының бағалауымен V орынды еншілеген Салима Құсманға шәкіртақы тағайындалды.

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы төрағасының міндетін атқарушы Самал Бағдатқызы Бакирова және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Абдулдаұлы Сериев білімгерді арнайы құттықтап, шәкіртақы тағайындалғанын растайтын сертификатты табыс етті.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша ақылы бөлімде білім алушы  Салима Сымбатқызы қуанышын бөлісіп, байқауды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Және де бұндай шаралардың жиі өтілуі жастарға серпін беріп қана қоймай, оларға жігер сыйлайтынында жеткізді.