«Абай – дана, Абай – дара қазақта» деп айтамыз. Ұлы Абайдың «Еңбек – қуаныш, жалқаулық айрылмас азап» деген қанатты асыл сөзі бар. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әрқашанда осы еңбек адамдарының тірегі болып келді. Елімізде 2 миллионнан астам мүшесі бар ең ірі қоғамдық ұйым. Жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қорғалуы мақсатында белсенді түрде жұмыстар атқаруда.
Еңбек ұжымдарындағы ауызбіршілікті қамтамасыз етіп, жұмыс берушімен еңбек нарығы қатынастарында қарапайым азаматтардың мүддесін білдіру – кәсіподақтардың мақсаты. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХХVI съезінде қаралған басты тақырыптардың бірі – еңбек адамының жағдайы.
Съезде еңбекке қатысты дау-дамайларды шешудің басты бастамашысына айналып, жұмысшылардың құқықтарын жүйелі түрде жүзеге асырып, әлеуметтік қызметкерлердің сенімдеріне ие болуымыз керек делінді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақтарға кәсіподақ мүшелері үшін тиімді келіссөздер қажет. Кәсіподақтарға өзінің экономикалық сараптамасы мен талдауын белсенді дамыту қажет. Бұл жерде біздің қадамымыз келесідей болуы тиіс: жалақы бойынша келіссөздерге нақты құқық алу. Табыс деңгейінде теңсіздікті қысқартуды талап ету – бірінші кезекте, басшылық құрамға корпоративтік бонустарды «тоқтата тұру». Ең төменгі жалақыны арттыруға қол жеткізу», – деп атап өтті. Еңбек адамдарының жағдайы әрқашан кәсіподақтардың назарында болған, алайда атқаратын жұмыстар да баршылық.
Съезд делегаттары Кәсіподақтар федерациясының қызметіндегі негізгі бағыттар бойынша қарар қабылдады. Оның бірі – Қазақстан Республикасының кәсіподақтарының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын қабылдау болды. Сондай-ақ, делегаттар бірауыздан Сатыбалды Дәулеталинді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы лауазымына сайлады. Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар қозғалысының дамуына елеулі еңбек сіңірді, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының көшбасшылары арасында үлкен сенім мен зор құрметке ие болған азамат. Сондықтан да, Сатыбалды Телағысұлын шын жүректен құттықтаймын! «Бірлік болмай, тірлік болмас». Бірлігі мен ынтымағы жарасқан кәсіподақтардың жұмысы жандана берсін!
“YNTYMAQ” салалық кәсіподақ орта және шағын бизнес саласы жұмыскерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Әлтеев