С. Даулеталин: Кәсіподақтар бизнес үшін әлеуметтік бейбітшіліктің кепілі ретінде қажет

24 қыркүйек, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бейнеконференция режимінде өткен Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясының XI ассамблеясына қатысты.

КРКФ басшысы өз сөзінде Жұмыс берушілер Конфедерациясының COVID-19 пандемиясы кезінде жұмыс орындарын сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Осы күрделі кезеңде мен Жұмыс берушілер конфедерациясының жұмыс орындарын сақтау мен жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жасаудағы маңызды рөлін, соның ішінде жұмыс берушілерге пандемия жағдайында жұмысты қалай ұйымдастыруға болатындығы туралы нұсқаулық әзірлегенін атап өткім келеді. Бұл шара әлеуметтік әріптестерге еңбек қатынастары саласындағы көптеген проблемалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік берді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның пікірінше, кәсіподақ та, жұмыс беруші де кәсіпорынның дамуына, оның экономикалық көрсеткіштерінің өсуіне, еңбек өнімділігі мен ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықтың артуына мүдделі.

«Өзінің ғана емес, жұмысшыларына да әл-ауқаттың артуын тілейтін ақылды кәсіпкерлердің кәсіподаққа «аллергиясы» жоқ және оны кәсіподақтан да көрмейді, сайып келгенде, еңбек ұжымында өзіне жау жоқ екенін түйсінеді. Кәсіподақ немқұрайлы жұмысшыларды қорғамайды. Ол білікті жұмыс күші мен оған лайықты жалақыны қорғайды. Бұл өркениетті кәсіпкерге белгілі және ол кәсіподақпен сөзге келмейді, диалог жүргізеді», – деп атап өтті кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, кәсіподақтар бизнес үшін әлеуметтік бейбітшіліктің кепілі ретінде қажет. Кәсіподақ ұйымын құруға, оның жұмысын дамытуға және жетілдіруге үлес қосу арқылы, кәсіпорын басшылығы қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес құруға үлес қосады.

«Бізге жұмыс берушілердің позициясын білдіретін мықты ұйымдар қажет. Біз тәуелсіз жұмыс істеуге тырысатын жұмыс берушілердің ұйымдарын қолдаймыз және олардың мүшелерін бизнестің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ілгерілетуге шақырамыз. Қуатты экономикасы бар елді құру, Қазақстанның әрбір азаматы үшін жоғары деңгейдегі әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету жұмыс берушілердің ұйымдарымен, атап айтқанда, бүгінде Кәсіподақтар Федерациясының сенімді әріптесі болып табылатын Жұмыс берушілер Конфедерациясымен ынтымақтастықсыз мүмкін емес», – деп қорытындылады өз сөзін ҚРКФ Төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, Жұмыс берушілердің республикалық бірлестігі ел Үкіметімен және республикалық кәсіподақ бірлестіктерімен бірге әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік әріптестіктің тараптары болып табылады.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының баспасөз- қызметі