10 сәуірде Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Федерация басшылығының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері (АКБ) төрағаларымен кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Мәжілісте кәсіподақ қызметін жаңарту және жаңғырту бойынша өзекті мәселелер қарастырылды.
Басты талқыланған мәселелер қатарында бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен АКБ арасындағы өзара байланыс механизмін жетілдіру, облыстарда Татуласу орталықтарын ашу және қызмет ету қағидалары, инновациялық технологияларды енгізу болды.
Өңірлердегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және кәсіподақтардың заңнамалық бастамаларына ерекше көңіл бөлінді.
Қостанай облыстық АКБ төрайымы Екатерина Смышляева және Алматы қаласы АКБ төрайымы Зәуреш Өмірбаева атқарылған жұмыстар туралы сөз сөйледі.
Сондай-ақ, 2017 жылға арналған аумақтық кәсіподақ сервистерінің қызметі туралы баяндама тыңдалды. Нәтижесінде жұмыс қорытындысы бойынша аумақтық кәсіподақ сервистері жұмысының тиімділігін бағалау туралы шешім қабылданды.
Мәжіліс қорытындысында ҚРКФ нормалық шығармашылығы және транспаренттік ақпараттық саясаты туралы есептер тыңдалды.