Өткен 2020 жылда Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексіне бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қызылорда облысы кәсіподақтар
орталығында еңбек заңнамасындағы өзгерістер, олардың тәжірибеде қолданылуы туралы семинар өтті. Оған кәсіподақ белсенділері,
ұйымдардағы келісу комиссиясы мүшелері, заңгерлер мен кадр мамандары қатысты.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов семинарда сөйлеген сөзінде кәсіподақ мүшелері арасында олардың құқықтық, оның ішінде Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негіздері, сондай-ақ ұжымдық шарт ережелері бойынша сауаттылығын арттыру маңыздылығын атап өтті.
«Жыл басындағы оқытуларды медицина саласы қызметкерлерінен бастап отырмыз. Пандемия елге түрлі қиындықтар әкелді, біз Сіздердің індетпен күрестегі қажырлы
еңбектеріңізге алғыс айтамыз. Бүгінгі семинарда еңбек заңнамаларындағы жаңалықтар назарларыңызға жеткізіліп, заң нормалары бойынша
сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар», – деді орталық төрағасы.
Семинар барысында түсіндірме еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша салыстырма кестелерді қолдана отырып жүргізілді. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпаратты енгізу, жұмыс берушілердің еңбек және тұрмыстық жағдайларды жасау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігі, еңбек шартын бұзу тәртіптері, келісу
комиссиясының еңбек дауларын қарау тәртібі нормалары қызу талқыланып, түсіндірме жасалды.
Алда жоспарға сәйкес кәсiподақ мүшелеріне арналған оқыту-семинарлары жалғасатын болады.