Еңбек ұжымында жұмысшылардың мұң-мұқтажын етене жақсы біліп, олардың мүддесі мен құқығын қорғауға белсене атсалысатын – бастауыш ұйым.
Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы еңбек адамдарының мүддесін қорғаумен қатар, олардың денсаулықтарын нығайтуға да бастама көтеріп, біраз істерімен көпке үлгі болып жүр. Мәселен,кітапхананың кәсіподақ ұйымының бастамасымен кітапханашылар аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері таңғы жаттығу жасауды қолға алды.
Кәсіподақ ұйымының атынан жаттығуларды жасауға арналған спорттық инвентарь алынды. Кітапхана ұжымына арналып қан қысымын өлшейтін құрылғы (танометр) және әмбебап медициналық қобдишасы сатып алынды. Бұл -тбір ғана мысал. Бастауыш ұйым пандемия кезінде карантин талаптарына сай көптеген мәдени шараларды онлайн түрде де ұйымдастыра білді. Әсіресе, қашықтықтан оқып жатқан оқырмандары мен қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы кітаптар апталығы, кітап оқу челлендждерін, байқаулар т.б. онлайн кездесулер жиі ұйымдастырып келеді.
«Өткен жылы кәсіподақ ұйымы бірқатар маңызды іс-шараларды өткізді. Пандемияға байланысты біраз шаралар онлайн тәртібінде ұйымдастырылды», – дейді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кәсіподақ ұйымының төрайымы С.Мамбетова.