Ақтөбе облысында аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының есеп беру жиындары басталды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты конференциялар ZOOM платформасында онлайн форматта өтуде.
2020 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алда атқарылатын міндеттер жайлы Алға және Әйтеке би аудандық білім қызметкерлі кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары баяндады. Қашықтан өткізілген шараға облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының аппараты, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелері қатысты.
Кәсіподақ ұйымдарының мақсаты – мұғалімдер мен жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез көмек беріп, қолдау көрсету. Кәсіподақтың негізгі қызметі «Кәсіподақтар туралы» заңда көрсетілгендей, еңбек адамының құқығын қорғау болып табылады.
Мысалы, Әйтеке би аудандық кәсіподақ ұйымына қарасты 52 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Өткен жылы облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан Әйтеке би ауданында кәсіподақ мүшелері шипажайларда демалды. Мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге байланысты педагогтар «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттармен» марапатталып, қаржылай сыйақыға ие болды. Әлеуметтік серіктестік аясында мектеп басшыларына тиесілі сауықтыру жәрдемақалы төленді. Аудандық кәсіподақ ұйымының ықпалымен кәсіподақ мүшелеріне тиесәлі қаржы қайтарылды. Пандемия кезінде науқастанып қалған кәсіподақ мүшелеріне дәрі-дәрмектер алу үшін қаржы берілді. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетілді.
Ал Алға ауданында 46 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымы үздік ұстаздарды үнемі ынталандырып отырады. Мемлекеттік және кәсіби мерекелер, мерейтой қарсаңында сала майталмандары ескерусіз қалған жоқ.
Сондай-ақ көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілді.
Есеп беру жиындарынан соң қатысушылар тарапынан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Серіковаға, аудандық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне сұрақтар қойылып, нақты жауап берілді.