«КМК Мұнай» АҚ жұмысшылардың жалақы деңгейін өзгерту мәселелері бойынша еңбек дауы туындады

Ақтөбедегі Көкжиде кенішіндегі «КМК Мұнай» жұмысшыларының ереуілге шықты. Қазіргі таңда жағдай бақылауда. Жұмысшылар ереуілі жалғасуда. Ауа райының суытуына орай оларға асханада ыстық шай беріледі. Ереуілдегі 80 жұмысшы кезекпен даладан келіп, жылынып, қайта шығады. Ереуілге шыққан бірінші күннен бастап-ақ төрт мезгіл тамақпен қамтылған. Жұмысшылардың талаптары әзірге нақты шешілген жоқ. Оларға жалақыны 20 пайызға өсіру ұсынылғанмен, компания жұмысшылары әзірге келіспеген. Кеніште жұмыс тоқтамаған, жұмыс инженерлік-техникалық құрам күшімен іске асырылып отыр. Компания жетекшілері жағдайды шешу үшін келіссөздер жүргізуде.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бақбергеновтың төрағалық етуімен жұмыс комиссиясы құрылып, оның құрамына Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен мұнайшылардың Салалық кәсіподағының өкілі Жанжарық Күзембаев енді. Кәсіподақ жетекшілері комиссия құрамында құқық қорғау қызметкерлері мен әлеуметтік әріптестер қатысқан басқосуға қатысып, жұмысшылардың қойған талаптарын оңтайлы шешуге бағытталған келіссөздерге ат салысуда. Аумақтық кәсіподақ бірлестігі жетекшілері сағат сайын жұмыс берушілермен тікелей байланыста жағдайды бақылауда ұстап отыр.