Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Комсомол ауылында орналасқан «Комсомол» серіктестігі 1998 жылы құрылған. Кезінде бұл жерде тың игеру жылдары іргелі ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс жасаған.Бүгінде серіктестік бидайдың элиталық тұқым түрлерін өсірумен айналысады.
Мұнда бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы жүйелі жолға қойылған. Ұжымдық шарт аясында бастауыш ұйым мүшелеріне әлеуметтік қолдау жақсы жасалған. Жұмысшылар қыс айларында қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерді қардан тазарту жұмыстарына да қолғабыс етеді. Қазірде көктемгі егіске осы бастан қамданып, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуге кіріскен.
Серіктестік директоры Виктор Волынец пен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әкімжан Баймышев екеуі бірлесе жауапкершілікпен ұжым бірлігін сақтап, еңбек етуде. Серіктестік жетекшісі жетім балаларға арналған үй салып берді. Қайырымдылық пен ізгілік – серіктестіктің басты ұстанымдары. Ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып, тұрмыстарын түзеп отырған іргелі шаруашылықта кәсіподақ мүшелеріне жан-жақты қолдау жасалған.