Халықтың назарын өзіне аудармай, жақсылығын жарияға жар салмай, өз күшімен кесене салып, ауданның тарихи-мәдени дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар арамызда болса да, байқамайды екенбіз.
Игілікті істі қолға алған – «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның кәсіподақ төрағасы, бекітпеші Амангелді Нұрымбетов. Оның айтуынша, игі істі құр қолға алу мен оның түп-төркініне бойлап істеу – екі түрлі нәрсе. Ол біраз жылдан бері осындай іс-шаралардың бастамашысы ретінде соңынан ерген буынға үлгі болып жүр.
Олай деуге себеп бар. Амангелді төрт жылдан бері Хромтау қаласынан 27 шақырым жердегі тарихы тереңде жатқан киелі орынға мазар тұрғызу ісімен айналысып келеді. XV-XVI ғасырда жауға шапқан Мұқыр тегі Мысжан батырдың кесенесі Амангелді Нұрымбетовтың мұрындық болуымен бой көтерді. Жер аумағы 40 гектарға созылған батыр кесенесінің әлі күнге дейін бірқатар жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қоса, ол «Дөң» ауылы маңындағы бұлақ айналасын тазарту, абаттандыру жұмыстарын қолға алған. Бұлақ Хромтау қонақтары мен хромтаулықтардың шипалы ауыз суына айналғалы біраз болды.
– Негізі мен Мысжан атаға арналған кесененің айналасындағы жұмыстар әзір біте қоймағандықтан, бұл әрекет туралы ешкімге айтқым келмеді. Дегенмен, күмбезі көтерілген киелі орын халықаралық тас жолының бойында орналасқандықтан жөн сұрап, жолшыбай тоқтап келушілер көбеюде. Ал бұлақ маңын тазартып, қалыпқа келтіру – өңірдің экологиялына бей-жай қарамау үшін тұрғындарды бітер істің басына шақырғаным, – дейді ол.
Игі істердің басы-қасында жүретін цехком пандемия басталғалы бері, саулық – сақтықта екенін әріптестеріне жиі айтып, оларды құлақтандыруды да мойнына алғанын байқадық. Цехтағы адам көп шоғырланатын жерлерде: асхана мен наряд қабылдау бөлмелерінде арақашықты сақтап, маска киюді қадағалап, қызметімен бірге бұл жауапкершілікті әлі күнге дейін өзімен бірге алып жүр. Одан бөлек, оның Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің кез-келген іс-шарасынан табылатыны тағы бар.
Еңбегі елеусіз қалмаған Амангелді Нұрымбетов кәсіпорында өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазхромның «Щит против COVID» корпоративтік премиясымен марапатталды. Кішіге көрсететін үлкеннің үлгісі болса, жастар да сол ізбен жүрері хақ.
