Жуырда ғана Ақтөбе облысында жаңа бастауыш ұйым құрылды. Ақтөбе мыс компаниясының «Весенняя Аралчинская»кенішіндегі жұмысшылардың бастамасымен болған кездесуге Ақтөбе облысы кәсіподақ орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А. Әмірғалиев пен «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалы төрағасының орынбасары Н. Мырзағалиев қатысты.
Жұмысшылармен кездесу барысында еңбек адамдарының мүдделерін қорғауда кәсіподақ ұйымының атқарар ролі мен «Кәсіподақтар» туралы заңнама түсіндірілді.
Бастауыш ұйым құру туралы шешім қабылданып, кәсіподақ комитетінің төрайымы болып Нұргүл Сэрээтэр сайланды. Ұжым мүшелері өз сұрақтарына нақты жауап алып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Жаңа бастауыш ұйым «YNTYMAQ» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Ақтөбе филиалының құрамына енді.
«Ақтөбе мыс компаниясы» 2004 жылы тіркелген. Мыс кенін өндірумен және байытумен айналысады. Қызметкерлерінің саны 1 мыңнан асатын ірі кәсіпорын. Серіктестік мыс өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі компаниялардың қатарындағы «Орыс мыс компаниясына» тиесілі.
Өткен жылдың соңында 30-шы желтоқсанда Хромтау ауданындағы Көктау ауылынан 30 шақырым жердегі шахтада жарылыс жұмыстары кезінде төтенше оқиға болып, мыс компаниясының 4 адамы қайтыс болған.
Жұмысшылар кәсіподақ құрылғанын бірауыздан құптап, өз араларынан белсенді жетекшілерін сайлады.
Кездесуде қазіргі таңда кәсіподақтар еңбек адамдарының мүддесін қорғаумен қатар жұмыс берушімен еңбек қатынастарын реттеуде тығыз әріптестік орнатып, ең бастысы қарапайым жұмысшылардың «көмекшісі» бола алатындығы жан-жақты айтылды.