«Сибу-Қызылорда» мұнай компаниясындағы жалақыны көтеру мәселесіне аумақтық кәсіподақтар бірлестігі араласуда

Кеше, 10 ақпанда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов  «Сибу-Қызылорда» инженерлік-бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыскерлерімен және компания басшылығымен кездесті. 

Кездесу барысында жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасында туындаған еңбек  жағдайларының мәселелері, атап айтқанда жұмыскерлердің жалақыны өсіру талаптары бойынша талқылау жүрді. Кәсіподақ бірлестігінің төрағасы еңбек ұжымында сындарлы диалог орнату, келісімге келу машығын жетілдіру және кәсіподақ ұйымын құру тиімділігін алға тартып, заңнамалық түсіндірме жасады. 

Қызылорда облысында «Сибу-Кызылорда» инженерлік-бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылдан бері жұмыс жасайды, компанияда 417 жұмыскер жұмыс істейді. 

Кездесу барысында компания басшылығынан жұмыскерлердің жалақысын 20 пайызға 2021 жылдың қаңтар айынан бастап көтеру, пандемияға байланысты 43310 теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы төлеу, компанияда бұрын барлығы 35 мың теңге көлемінде төленіп келген мерекелік сыйақының жылдық көлемін 120 мың теңгеге арттыру туралы шешімдері мәлімделді. Сонымен қатар, жұмыс беруші өкілдері  компания құрылтайшыларымен жалақы мәселесі  қайта қаралып, нәтижесі жұмыскерлерге хабарланатындығын жеткізді. Жұмыскерлер компания басшылығының аталған шешімдері бойынша талқылаулар жүргізуге уағдаласты.

Еске сала кетейік, «Сибу Қызылорда» мұнай компаниясының жұмыскерлері 9 ақпанда жұмыс берушіден жалақыны сексен пайызға көтеруді талап еткен болатын.