«Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауына балалар кітапханасының кәсіподағы да қатыспақ

Ақтөбедегі Нұрпейіс Байғанин атындағы балалар кітапханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы ҚРКФ жариялаған «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауына қатысуға ниетті.

Балалар кітапханасы ұжымында бастауыш кәсіподақ ұйымы сонау 60-шы жылдардан бері жұмыс жасап келеді. Ұжым шағын болса да, іргесі берік. Ұйым мүшелерінің ауызбірлігі мен ынтымағы жарасқан. Бастауыш ұйымға 26 адам мүше. Ұжымдық шарт жасалған. Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сай ұжымдық шартқа да соңғы кездері толықтырулар енгізілген. Жұмыс беруші мен кәсіподақ бірлесе айтарлықтай нәтижелерге қолжеткізіп келеді.

Балалардың рухани дүниетанымын қалыптастыруда кітапхана уақыт талабына сай икемделіп, нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Кітапхана пандемия кезінде де оқырмандарымен байланысын үзген жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшасында түрлі шаралар ұйымдастырылды.

«Пандемия кезінде ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің Салалық кәсіптік одағы ҚБ Ақтөбе филиалының төрайымы Назира Табылдинованың бастамасымен қаламыздағы емханаларға қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға үлес қостық. Сонымен қатар, Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйінің кіші қызметкері Қ. Жанапеваға және кітапхана қызметкері Г.Бисенәлиеваның да отбасына кәсіподақ тарапынан көмек көрсеттік», – дейді бастауыш ұйым төрайымы К.Ыдырысова.