Бастауыш кәсіподақ ұйымы – еңбек адамына тіреу

ҚР Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына» орай Ақтөбе облысындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының үлгілі істерімен таныстыруды жөн көрдік. Осы орайда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрамында 1 мың 200-ден астам мүшесі бар іргелі бастауыш ұйымының тынысы туралы айта кетпекпіз.

Университеттің кәсіподақ ұйымы мемлекетіміз білім саласы қызметкерлерінің алдына қойып отырған міндеттерді, бағдарламалық құжаттарда қозғалған мәселелер мен қолға алынған бастамаларды, ҚР Кәсіподақтар туралы заңын басшылыққа ала отырып, өз жұмысында қызметкерлердің әлеуметтік құқығын қорғау мен еңбек заңнамаларының сақталуына, еңбек дауларының алдын алуға және шешуге және жастарға білім мен тәрбие беруге қатысты түрлі іс-шараларды ұйымдастыру бағыттарына негізгі басымдық беріп келеді.

Университетте кәсіподақ ұйымы әркез жаңашылдықтың жаршысы іспетті. Көптеген мәдени рухани шараларды белсенді ұйымдастыруымен қатар қызметкерлердің денсаулықтарын нығайтуға да көңіл бөледі. Профессор оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге шипажайларға 30-50-100 пайыз аралығында жеңілдіктер қарастырылған. Өткен жылы Ақтөбедегі Салалық кәсіподақ қолдауымен 25 оқытушы «Зәру» шипажайына барып, денсаулықтарын нығайтып келді.

Биыл университеттің 85 жылдығына орай 20 жолдаманы тегін беру жоспарланған. Соңғы үш жылда материалдық қолдау жақсарды. Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымы атаулы және кәсіби мерекелерді ұйымдастыруға атсалысып, еңбек озаттары мен әртүрлі жарыс жеңімпаздарын марапаттауды дәстүрге айналдырған.

Университеттің 85 жылдық мерейтойына тұспа тұс келген «Ұстаздар күні» мерекелік шарасында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымының» төрайымы Раушан Серікова 85 профессор-оқытушылар құрамын «Алғыс хат» және ақшалай марапаттады. Төрт миллион екі жүз елу мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік білдірді. Сонымен қатар, университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы «Мектепке жол»,«Біз Арыспен біргеміз!»,«Мақтаралға көмек» т.б. қайырымдылық шараларына қатынасып, түрлі деңгейдегі көмек берілді. Бұлардан басқа кәсіподақ ұйымы ішкі еңбек тәртібінің сақталуы, жұмыс орнындағы еңбек жағдайын жақсарту мәселесін де назарда ұстайды. Еңбек келісімшарттары жобасын дайындауға қатысу және оның орындалуын бақылау, еңбекті қорғау талаптарының жүзеге асырылуы мен жұмыс орнында еңбекке жағдай жасалу процестерін бірлесе тексеру бір жағынан осы бағыттағы жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізсе, екінші жағынан бірлескен іс-қимыл еңбек дау-жанжалдардың алдын алуға ықпал етіп отыр.