“Қан тапсырып – өмір сыйла”

«Нұрлы жол» вокзалының бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен “Қан тапсырып – өмір сыйла” атты қайырымдылық акциясы басталды. Вокзал кешенінің қызметкерлері төрт күндік донорлық акцияға еркін түрде қатысады.

«Акция өткізудегі негізгі міндет – науқас адамдардың өміріне араша болу үшін қан доноры болуға, сауапты іс жасауға шақыру. Әрбір азаматтың өз еркімен қан тапсыруының жүйелілігін қалыптастыру. Біз “Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығынан” мамандарды шақырып, бүгін акцияның бірінші күні 23 қызметкер қан тапсырды.

Осы мақсатта #omirsyılaktzh челленджін бастап, еліміздің басқа вокзалдарына жолдаймыз», – дейді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейімбет Ұлазбек.

“Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының” қызметкері Бұлбұл Сағымбаева маңызы зор шараны ұйымдастырған «Нұрлы жол» вокзалының кәсіподақ ұйымына және донор болған теміржолшыларға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, донор болуға арнайы дайындықпен келген өте маңызды. Қанды таңертеңгі уақытта тапсырып және жеңіл таңғы ас ішкеніңіз жөн. Қан тапсырар күннің алдында кешкі асқа қуырылған, майлы, сүтті тағамдар және жұмыртқа жеуге болмайды. Донор адам тексеруден өтіп, алынған қанға талдау жасалады. Жарамсыз қан өндіріске жіберілмейді дейді.