Павлодар облыстық Жастар кеңесінің кезекті отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 23 ақпанында Павлодар облыстық білім беру саласы кәсіптік одағына қарасты Жастар кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында жас мамандарға еңбек және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасау бойынша ұсыныстарды салалық келісім-шартқа енгізу, республикалық «30 еңбек елшісі», «Халық бюджеті», облыстық «Кәсіподақ – тірегім!» жобалары, «Жас мамандардың бейімделуіндегі мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында Open Space форматында өтетін онлайн-талқылау жайында сөз қозғалды.

Салалық келісім шартқа ұсыныс білдіру бойынша Успен ауданы Жастар кеңесінің төрайымы Сабитова Айнагуль сөз сөйледі. Ол өз кезегінде ауылдық жердегі жас мамандардың орнығуы үшін оларға психологиялық ахуалдың оң болуы қатты әсер ететінін атап өтті. 3 жылға дейін қатаң тексерістерден босатылуы – жас педагогтің өз саласына еніп, орнығуына оң ықпал ететіні туралы да сөз болды. Жалпы, жас мамандарды толғандыратын басты мәселенің бірі әрі бірегейі – баспана алуда мемлекет тарапынан жасалатын қолдау. Бұл сұрақ тек ауыл мамандарын ғана емес, қала жас мамандарын да толғандыратын мәселе.

Республикалық «30 еңбек елшісі», «Халық бюджеті» жобалары жайында облыстық Жастар кеңесінің төрайымы Абильдинова Айнұр Еркінқызы айтты. Жобаларға қатысу шарттары мен өтінішті қабылдау мерзімі туралы кеңес мүшелеріне толық ақпарат берілді. Ағымдағы жылы облыс көлемінде «Кәсіподақ – тірегім!» жобасы жүзеге асатын болады. Бұл жоба аясында білім беру саласы кәсіптік одағына қарасты Жастар кеңесінің әрбір жұмысы, қозғалысы біркелкі нақышта кәсіподақ желілерімен қатар, жобаға қатысушының жеке әлеуметтік желілерінде де жарық көретін болады. Осылайша, кәсіподақ жұмысы жайлы ақпаратты тарату ауқымын кеңейту көзделген.

«Жас мамандардың бейімделуіндегі мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында Open Space форматында өтетін онлайн-талқылау жайында Жастар кеңесінің белсенді мүшесі Дмитрий Карпеченко айтты. Ол өз кезегінде ағымдағы жылдың 26 ақпан күні онлайн форматта Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының жас мамандары арасында онлайн-талқылау өтетіні жайында хабарлады. Екібастұз және Ақсу қалалары атынан осы аймақтың ауылдық округтерінің жас педагогтері де қатысады.