Елорданың жас педагог – кәсіподақ мүшелері халықаралық фестивальде бақтарын сынайды

Нұр-Сұлтан қаласының “Әділет” білім беру кәсіподағы мен Ресей Федерациясының халыққа білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Мәскеу қалалық ұйымымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында елордалық педагогтардың халықаралық деңгейде өзін көрсетуге мүмкіндігі бар.

Осындай іс-шаралардың бірі жас педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру және өзара тәжірибе алмасу бағытындағы «Пікір алмас! Жасампаз бол! Игілігіңе жарат!» атты халықаралық фестивалі болып табылады.

Фестивальдің мақсаты – жас педагог-кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығын кеңейту.

Бұл іс-шараға Қазақстаннан басқа Ресей, Беларусь, Болгария, Латвия елдерінен 600-ден астам мұғалімдер мен тәрбиешілер қатысады деп күтілуде.

“Әділет” кәсіподағының атынан елорданың жалпы білім беру мекемелерінен ағылшын тілі, психолог, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, жаратылыстану, дене шынықтыру, биология пәндері бойынша 30 жас педагог бақтарын сынайды.

Қазіргі уақытта қатысушылар шеберлік сабақтары мен зияткерлік ойындарға дайындалуда.

Фестиваль ZOOM платформасы арқылы 27 ақпанда өтеді.