Белсенді ұстаздар – белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымы үшін

Ағымдағы жылдың 24 ақпан күні Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының медиа-алаңында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мерген Сүлейменов өзінің бастауыш кәсіподақ ұйымы жөнінде әңгіме тарқатты.

Айта кетсек, аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымы салауатты өмір салтын насихаттауға, волонтерлік (еріктілік) жұмыстарды жетілдіруге, ардагерлер мен жастарға жиі көңіл бөліп, көмек беруге бағытталған шараларды ұйымдастырып отырады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Мерген Қуанышұлы өз сөзінде:
– М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Кәсіптік одақтар туралы» Заңдарына және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жарғысы мен кәсіподақтың бастауыш ұйымы туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде біздің бастауыш кәсіподақ ұйымы 113 қызметкерге әлеуметтік-материалдық көмек көрсетіп, 23 қызметкерге сауықтыру шипажайларына жолдама берген болатын. Сонымен қатар, оқу орын басшылығының тікелей жетекшілігімен 40 ұстаздың баспаналы болуына қолдау берді. Еңбек адамын жемісті жұмыс жасауға ынталандыру шараларына көбірек көңіл бөлеміз, – дейді ол.

Бастауыш кәсіподақ ұйымында әр жыл сайын оздырылатын шараларының ішінде ерекше атап өтетіні – “Денсаулық” спартакиадасы. Себебі, аталмыш шара 1957 жылдан бастау алып, бастауыш кәсіподақ ұйымының арқасында әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі таңда, бастауыш кәсіподақ ұйымында 800-ден астам маман мүшелікте болса, ұйымның төрағасы Мерген Қуанышұлы өңірдегі ең жас кәсіподақ көшбасшыларының бірі болып табылады.

#ҚәсіподақКз
#БҚҰ21