Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға арналған семинар-кеңес өтті

2021 жылғы 26 ақпанда “Білім беру ұйымдарында еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін жетілдіру” тақырыбында еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға арналған семинар-кеңес өтті.

Бұл семинар өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардың алдын-алуға ықпал ету мақсатында өткізілді.

Семинар-кеңеске бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбекті қорғау жөніндегі жауапты қызметкерлері және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының “Еңбекті қорғау бойынша үздік техникалық инспекторы” республикалық конкурсының қатысушылары Виктор Глущенко, Орынбасар Асқарова, Сания Оразбаева шақырылды.

“Әділет” кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев Қазақстан Республикасының қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамасының талаптарын, атап айтқанда: еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құру; еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қоғамдық ішкі бақылауды ұйымдастыру кезінде техникалық инспекторлардың құқықтары мен өкілеттіктері туралы айтты.

Семинар қатысушыларына кезең-кезеңмен техникалық инспекторлардың күнделікті жұмысын жақсартуға көмектесетін іс-қимыл алгоритмі ұсынылды.

Бұдан басқа, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру және ұжымдық шартты, келісімді орындау кезінде анықталған заңнама талаптарының ең көп таралған бұзушылықтары талқыланды.

Сондай-ақ, семинар-кеңеске қатысушылардың назарына 2019-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарын азайту жөніндегі Жол картасы ұсынылды.

Семинар-кеңес соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, қойылған сұрақтарға жауаптар алды.