ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы “Қазақстан – спорттық ұлт” деп белгіленген. Осыған байланысты Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының ҚБ Ақтөбе облыстық филиалы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен қысқы спартакиада ұйымдастырды. Осымен 6-шы рет өткізіліп отырған дәстүрлі шаңғы жарысына 27 команда қатысып, үлкен додаға түсті. Биылғы жарыстың ерекшелігі – қысқы спорт түрлері бойынша спорт мектебінің жаңа ғимаратының жанындағы шаңғы трассасында өтуі. Ауа райының қолайсыздығы, аяз бен қарлы бұрқасынға қарамастан жарысқа қатысуға ниет еткендер қатары әдеттегіден биыл көп болды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының барлық командалары тартысты додаға сақадай сай дайындықпен келгені байқалды. Жарыс жанкүйерлері де ерекше белсенділік танытты.
Жарыс нәтижесінде жеңіс мәресіне алғаш болып Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармония және облыстық бокс мектебінің командалары жетті. Оларға сыйлық ретінде тоңазытқыш сыйға берілді. Ал, жүлделі I орынды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Алға аудандық спорт мектебінің командалары иеленді. II орынға “Алақай” театры, халық шығармашылық орталығы, “Чайка” бассейні және теннис спорт мектебінің ойыншылары иеленді. Ал, III орын тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы, мемлекеттік архив, С. Бәйішев атындағы кітапхана, №4 спорт мектебі, “Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі”, “Авиатор” спорт мектептерінің командаларына тиесілі болды.
Жарысқа барлығы 27 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатыстып, түгелге дерлігі бұқаралық спортты дамытуға, салауаттылықты орнықтыруға қосқан үлестері үшін диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ақтөбеде жаңадан пайдалануға берілген шаңғы трассасының әлі де талай кәсіби спортшылар дайындауға септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар Ақтөбе тұрғындарының отбасымен қысқы демалысын өткізетін, әрі шынығатын жайлы орталыққа айналары айқын. “Кәсіподақ үнемі осындай игі бастамалардың басы-қасында жүріп, бастауыш ұйым мүшелерінің өзара ынтымағын арттыруға үлес қосып келеді. Қыстың соңғы айының қытымыр күндеріне қарамастан, жүректерімізге жылулық, көңілдерімізге көктем лебіндей ізгілік шуағын әкелген осындай жарыстар жиі бола берсін”, – деді жарысқа қатысушылар.