Орал қалалық №6 емханасының БКҰ төрағасы Болат Иманғалиев: “Басты күшіміз – бірліктің болуы”

Ағымдағы жылдың 2 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының медиа-алаңында Орал қалалық №6 емханасы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Болат Иманғалиев онлайн-сұхбатқа қатысты.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «2021 жыл – бастауыш кәсіподақ ұйымы» жылы болып белгіленіп, бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Басты мақсат – бастауыш кәсіподақ ұйымдарына ерекше көңіл бөліп, олардың жұмыстарының жандануына қолдау білдіріп, кәсіподақ қозғалысының ағынына белсенді ілестіру.

Бүгінде «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің медиа-алаңында өңірдегі бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен еркін сұхбат өткізіліп, кәсіподақ көшбасшыларының жұмыстарымен етене танысу шаралары жасалуда.

«Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы – ерекше назар қоюды қажет ететін бірлестік деп білемін», – дейді бүгінгі сұхбат алаңының қонағы Болат Серікұлы.

Өз сөзін жалғай келе, ол:
– Дәрігерлер мен мұғалімдер – кәсіподақ қозғалысының ең маңызды платформасы. Бұл тұжырымды еліміздегі эпидемиологиялық жағдай да бір дәлелдеп бергендей болды ма деймін… Біздің бастауыш кәсіподақ ұйымымызда 605-ке жуық қызметкер бар. Бірлестіктегі басты күшіміз – бірліктің болуы деп ойлаймын. Ел қайғырып, ерлеріміз етікпен су кешкен төтенше жағдай кезінде бастауыш кәсіподақ ұйымымыз өзінің қайырымдылық шараларымен, әлеуметтік осал топтарға көрсеткен медициналық-гуманитарлық қолдауларымен көзге түскен болатын. Бастауыш кәсіподақ ұйымы құрамындағы денсаулық сақтау саласы мамандарына үнемі еңбек заңнамалары аясында семинарлар өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттаушы іс-шараларға мұрындық болып келеді. Бұл белсенділігіміз әрі қарай, «Бастауыш кәсіподақ жылы» бастамасы аясында көрініс табатын болады деп сенемін!- деді.

#КәсіподақҚз #БКҰ21
#ПрофсоюзКз #ППО21