Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығы мен «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ қалалық филиалының өкілдері елордалық цирктің әйелдер қауымын құттықтап барды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған мерекелік шарада цирктің ханшайым-әртістері осы жолы манежде емес, көрермендер отыратын жерде жайғасты.
Алдымен “Астаналық цирк” МКҚК бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, “Жігер” халықаралық фестивалінің лауреаты Ерік Жолжақсынов құттықтап, өз сөзінде, кәсіподақтар қызметін қолдайтындығын, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық көмек көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі көп екенін айтты.
“Астаналық цирк” мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны еліміздегі басты үш цирктің бірі. Қазіргі таңда цирк штатында 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді, мұнда таяу және алыс шетелдерден: Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан танымал әртістер мен менеджерлер жұмыс істейді. Көптеген шетелдік жас әртістер цирктің техникалық әлеуетін жоғары бағалайды, бұл өз шеберлігін әлемдік деңгейге лайықты деңгейде дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі карантин кезеңіне байланысты, әзірге цирк әртістері өз қойылымдарын көрсете алмай отыр.Ұжымның жартысы қашықтан жұмыс істеуде.
Мәдениет қызметкерлерінің салалық кәсіподағының өкілі Әлібек Саттаров: «Сіздердің кәсіби шеберлігіңізді көптеген беделді отандық және халықаралық марапаттар мойындап келеді, бірақ басты сыйлық – бұл сіздердің өнеріңізге шексіз сүйсінетін үлкенді-кішілі көрермендердің шынайы сүйіспеншілігі мен адалдығы. Сіздің ұжымыңыз бұл салада кәсіподақ қозғалысында үлгілі болуымен танымал, онда қызметкерлердің 100% – ы кәсіподақ мүшелері болып табылады»-деді.
Кәсіподақ өкілдері цирктің бастауыш ұйымының төрайымы Анар Мусинаны және цирктің әртісі, ең күрделі және сирек кездесетін жанры – әуе-эквилибрисі, «Veo-Veo», «Latino» халықаралық фестивальдерінің лауреаты, «Шабыт» халықаралық цирк фестивалінің Гран-при иегері Ёка Қоңырбаеваны құттықтап, сыйлық тарту етті.
Салтанатты бөлімнен кейін цирк ханшайымдарына мерекелік қойылым көрсетілді.
Көрермендерін сағынған цирк әртістері жақында бәрі қайта жанданып, қайта қауышамыз деп сенім білдіреді.