Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына орай ұйымдастырылған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Атырау облыстық балалар ауруханасының ұжымымен кездесті.
Естеріңізге салайық, акция мақсаты виртуалды аралау арқылы әрбір бастауыш ұйыммен кездесу, озық тәжірибелерді біріктіру, жергілікті және жүйелік деңгейдегі проблемаларды анықтау әрі аймақтық кәсіподақ белсенділеріне қолдау көрсету.
Атырау облыстық балалар ауруханасының басшысы Нұрқабыл Айтмұханбетовтің айтуынша, аурухана 7 бөлімнен тұрады. 380-ге жуық дәрігер жұмыс жасайды. Оның 61-і дәрігер, 171-і орта буынды, қалғандары кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық қызметкерлер. Олардың барлығы кәсіподаққа мүше. Былтыр Елбасы қорының қолдауымен аурухана жанынан балаларды оңалту орталығы ашылған. Осының арқасында облыс көлемінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету жаңа деңгейге көтерілді деді аурухана басшысы. Сонымен қатар, ол ауруханадағы өзекті мәселелерге тоқталды.
«Біріншіден, біз жас мамандарды баспанамен қамти алмай отырмыз. Сондықтан, аурухана есебінен пәтер жалдаудамыз. Екіншіден, сапалы мамандармен қамту мақсатында 12 резидентті оқытып отырмыз. Оларға оқу кезінде жұмыс жасауға тиым салынған. Шәкіртақылары мардымсыз. Медицина қызметтері тарифінің төмендігі кесірінен оны көбейтуге мүмкіндігіміз жетпей жатыр»,-деді Нұрқабыл Айтмұханбетов. Сонымен қатар, ол ауруханада былтыр жалақының кешіктірілгенін, кейін бұл мәселенің кәсіподақтардың араласуымен оң шешілгенін айтып, алғысын білдірді.
Бұдан соң аурухана қызметкерлері ҚРКФ басшылығына өздерін толғандырған сұрақтарын жеткізді. Олар негізінен жалақы мен медициналық қызметтер тарифінің құнына қатысты болды.
Мәселен, ауруханадағы жедел жәрдем жүргізушісі Нұрғали Тұрғалиев «Дәрігерлердің жалақысы бірнеше мәрте көтерілгенімен, жедел жәрдем қызметінде жүрген жүргізушілердікі өзгеріссіз қалып келеді. Бұл – осындағы өзге үш әріптесімнің жанайқайы. Айына аз дегенде 58 000, көп дегенде 60 000 ал, қаңтардан бастап 90 000 теңге алдым. Алайда жеті баланың әкесімін, айлығым шайлығыма де жетпейді»,-деді ол.
Жалақы мөлшеріне техникалық қызметкерлерімен бірге кіші буынды медицина қызметкерлері де наразы.
«Ауруханының жалпы көлемі 22 мың шаршы метр. 42 500 теңгеге осыншама аумақтың тазалығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін жұмыскерлерді табу қиын. Бұндай ақшаға өмір сүру ақылға сыймайды. Жоғары жақта отырғандардың осыны ойламайтыны қынжылтады. Сондықтан осы қызметкерлердің жалақысын көбейтуге ат салыссаңыз деді»,- ауруханадағы шаруашылық бөлімінің бастығы Ақыш Басарова.
«Қазір жұмыс көбеймесе азайып отырған жоқ. Шала туу, туа бітті кемтарлық көбеюде, оларға бөлек бөлімше, жұмыскерлер қажет. Атап айтқанда, орта және кіші буын жұмыскерлер керек. Оларды табу қиын. Санитаркалардың көбісі ауылдан келеді. Күнделікті жолға кететін шығындары да аз емес, »,- бөлім меңгерушісі Гүлмира Төлеухан.
Жалақының мардымсыздығы дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлері үшін де өзекті болып шықты. Олар қаңтар айында медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға көтерілгенімен, азық-түлік бағасы аспандап барады, әрі коммуналдық төлемдердің бағасы да екі есеге өсіп үлгерді деген уәж айтты. Сонымен қатар, балалар онлайн білім алуда. Жұмыста жүргендіктен оларға көп көңіл бөле алмай, репититор жалдауға мәжбүрміз. Бір балаға айына 60 мың төлеп отырмыз. Сондықтан, тапқанымыз шығыннан артылмай отыр дегенді айтты аурухана қызметкерлері.
Жұмыскерлердің мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан Қадырғалиев пен «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы Майра Кашкенованың сөзінде атап өтілді.
2021 жылы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық денсаулық сақтау палатасы ұсынған медициналық қызметкерлер мен әлеуметтік әріптестердің салалық кәсіподақтары қол қойған салалық келісімге қосымша келісім күшіне енді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл мақсаттарға 2021 жылы 222 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат аясында осы жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық ұйымдарға жұмыскерлердің жалақы қорын ұлғайтуға мүмкіндік беретін қызметтердің тарифтері көтерілді.
Құжат барлық медициналық ұйымдарға заңды негізде медициналық қызметкерлердің жалақысын шаруашылық жүргізу құқығы негізінде көтеруге мүмкіндік береді.
Осыған орай Кәсіподақтар федерациясы 5 наурыз күні түрлі деңгейдегі әлеуметтік әріптестерді салалық келісімнің ережелерін іске асыру бойынша жедел шаралар қабылдауға шақырған болатын.
Құрамында 39 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Алайда, филиал төрайымының айтуынша, тарифтер жеткілікті деңгейде көтеріліп отырған жоқ. Сонымен қатар, 2021 жылдың басында Қазақстанда жоғары және орта медициналық білімі бар жұмысшыларды аттестаттаудың жаңартылған ережелері күшіне енді. «Осыған орай санаттар алынып тасталып жатыр. Сондықтан медицина қызметкерлеріне жалақының өскені сезілмей отыр. Базалық лауазымды жалақы да өзгермей тұр. Облыстық бюджеттік сала қызметкерлері БЛЖ-ны ең төменгі жалақы көлеміне көтеруді сұрап отыр. Жалақы өсімі оларға тек сол кезде сезіледі»,- деді Майра Кашкенова.
ҚРКФ төрағасы кәсіподақ мүшелерімен кездесу барысында алдымен коронавирусқа қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін аурухана ұжымына және оларға жан-жақты қолдау көрсеткен кәсіподақ көшбасшыларына ризашылығын білдірді. Сатыбалды Дәулеталин жалақыға қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, кездесуге қатысушыларға Кәсіподақтар федерациясының ең төменгі жалақыны біртіндеп көтеру қажет деген ұстанымын әрі қарай да қорғайтынын айтты.
«Қазіргі еңбек дауларының басты себебі жалақының төмендігі. Ең төменгі жалақы мөлшері өмір сүруге жетпейді. Халықаралық стандарттарға сүйенсек, ең төменгі жалақы орташа жалақының жартысын құрауы тиіс. Қазір орташа жалақы 204 мың теңге болса, ең төменгі жалақы 102 мың теңге болуы керек. 2021-2023 жылдарға арналған ҚР Үкіметі, Республикалық кәсіподақ бірлестіктері мен Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісім жобасын талқылау барысында жалақыға қатысты ұсыныстарымызға Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері түбегейлі қарсы болды. Қазір Бас келісімнің аясында жұмыс тобы құрылатын болды. ҚРКФ-ның еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстары осы топтың отырыстарында қаралатын болады»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен ұлғайтуды, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялауды, жалақыны жыл сайын міндетті түрде индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Сонымен қатар, жылдар бойы өзгермеген «Базалық лауазымдық жалақы» сияқты тұжырымдаманы ауыстыруды талап етуде.
«Бүгінгі күні еліміздегі экономикалық жағдай жақсы деп айта алмаймыз. Біз оны да түсініп отырмыз. Бірақ аталған жұмыс тобының отырыстарында біз өз ұстанымызды қорғаймыз. Себебі меншік иелері тапқан табысты ең алдымен өз қалтасына салмай, жұмыскерлердің еңбекақысын көбейтуге жұмсауы тиіс. Ең төменгі жалақыны көбейту үшін біріншіден, жеке табыс салығын прогрессивті түрде байларға көбейту керек. Екіншіден, кәсіпорындарға салынатын салықтардың түр-түрін қайтадан қарап, оларға жеңілдік берілуі қажет. Қолданыстағы Еңбек кодексі жұмыс берушілердің қамын күйттейді. Сондықтан біз қазір осы кодексті өзгерту бойынша федерация аясында арнайы жұмыс тобын құрдық. Оның ішінде кәсіподақтардың да мәртебесін көтеру мәселесі бар. Сіздердің де осы ортақ іске белсене қатысқандарыңыз жөн»,-деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин Наурыздың 12 күні Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, онда 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметі, Республикалық кәсіподақ бірлестіктері мен Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісімге қол қою жоспарлануда. Атырау облыстық балалар ауруханасының ұжымы жеткізген денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің бүгінгі жанайқайы сол отырыста көтерілетін болады. Кәсіподақтар федерациясы комиссияның келесі отырысын денсаулық сақтау саласы қызметкерлері мен салалық кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен облыстардың бірінде өткізуге ұсыныс та жасауды жоспарлап отыр деді кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасы.
«Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов болса, ҚРКФ-ның денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысына байланысты әлеуметтік әріптестерге жолдаған үндеуі мен бүгін кәсіподақ мүшелері тарапынан айтылған мәселелерді облыстық мәслихаттің келесі аптада өтетін сессиясында көтергелі отырғанын жеткізді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы