Өткен жылдың соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының тарихында алғаш рет Бас кеңестің ашық қарауына қаржылық мәселелер шығарылып, 2021 жылға арналған бюджеті қаралды. Кәсіподаққа мүшелік ұйымдардың бірыңғай қаржылық саясаты бекітілді. Кәсіподақтың әрбір мүшесі өз жарналарының не үшін жұмсалатынын білуі тиіс деп айтылды. Бұл қабылдаған шешімдердің Кәсіподақтар федерациясы қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталғанын көрсетеді.
Осы ретте елордадағы “Астана су арнасы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымы өкен жылы атқарған жұмыс қорытындысын кәсіпорынның әлеуметтік желісінде жариялады.
Бастауыш ұйым төрағасы Мұрат Темірболатовтың айтуынша, келісімдер мен ұжымдық шарттарда жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету көзделген. Соған орай, кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ ұйымы тарапынан айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырады. Кәсіподақ мүшелері құқықтары мен мүдделеріне қатысты, сонымен қатар кәсіподақ істерінің жағдайы туралы ақпаратты кәсіпорынның әлеуметтік желісінен де біле алады. Мүшелік жарнадан ай сайын түскен қаражат кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсетуге, мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге, санаторлық-курорттық емдеу жолдамаларын сатып алуға және басқа да бағыттарға жұмсалады.
Атап айтқанда, “Астана су арнасы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымы өткен жылы бірінші неке қиюға 19 қызметкерге, бірінші баланың тууына 32 қызметкерге, 50 және 60 жас аралығындағы мерейтойына арналған 94 адамға, және өмірлік қиын жағдайларға байланысты 66 қызметкерге материалдық көмек көрсетілген.
Пандемия кезеңінде және “Құрбан айт” қасиетті мерекесіне орай көп балалы және аз қамтылған 187 отбасы әлеуметтік көмек алыпты. Санаторлық-курорттық емделуіне 18 қызметкерге ішінара өтеу жасалып, 27 қызметкерге жедел және оңалту еміне көмек берілген. Қарттар күніне орай кәсіпорынның 289 жұмыскеріне материалдық қолдау жасалған. Сондай-ақ, ҚР Тәуелсіздік күніне орай кәсіпорынның өндірістік қызметіндегі 41 еңбек озатын көтермелеуге және 1763 қызметкердің балаларына жаңа жылдық сыйлықтар алынған.
“Астана су арнасының” бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелеріне іс жүзінде нақты көмегін көрсетіп отыр.