Дәулеталин: «Қарағанды ​​СУ» ЖШС-нің ұжымдық шарты елдегі ең үздік шарттардың бірі!»

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қарағанды ​​СУ» ЖШС ұжымымен кездесті.
Серіктестіктегі бастауыш кәсіподақ ұйымын онлайн-аралау шарасына федерация басшылығымен бірге «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Кұсейін Есенғазин, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, ҰҚШҰ ПА Қазақстан Республикасы Парламентінің уәкілетті өкілі Виктор Рогалев қатысты.
«Қарағанды ​​Су» ЖШС – Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас ауылындағы тұтынушыларға сумен жабдықтау және ағынды суларды бұру қызметтерін ұсыну бойынша табиғи монополиялар субъектісі. «Қарағанды облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Болат Жұмабеков өңірде әлеуметтік әріптестіктің жарқын үлгісін көрестіп отырған кәсіпорынның бірі деп баға берген серіктестіктегі еңбек жағдайлары бейне-сюжет арқылы таныстырылды.


«Серіктестіктегі бастауыш кәсіподақ ұйымы 1960 жылы құрылған. Оның төрайымы Гүлнәр Шахарбаеваның сөзінен мәлім болғандай, қолданыстағы ұжымдық шартқа 2016 жылы қол қойылған. Оның мерзімі биыл бітеді. Кәсіподақ мүшелерінің саны 1640. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 98,8%-ы. Ұжымдық келісімшарт бойынша барлық әлеуметтік бағдарламалар екі қаржы көзінен яғни жұмыс беруші және кәсіподақ есебінен жүзеге асырылуда. Жұмыс беруші есебінен мереке қарсаңындағы күні жұмыс уақыты 1 сағатқа қысқартылады. Үстеме жұмыс уақытында жұмыскерлерге кәсіпорын есебінен ыстық тамақ беріледі. Мәселен, 2020 жылы бұған 276 мың 970 теңге жұмсалған. Сонымен қатар, кәсіптердің бекітілген тізіміне сәйкес, компания өз қаражаты есебінен 5% мөлшерінде ерікті кәсіби зейнетақы жарналарын аударады. 2020 жылдың соңында осындай жарнаны алатын адамның саны 218-ге жеткен. Жүргізушілер мен механизаторларға сыныптық дәрежесі үшін қосымша ақы төленеді. 2020 жылға арналған сыныптық біліктілік үшін қосымша төлем 43 мың 812 теңгені құрады. Қызметкерлерге үздіксіз жұмыс өтілі үшін қосымша демалыс күндері беріледі. Мәселен, 5-тен 10 жылға дейін – 2 күн, 10 жылдан 15 жылға дейін – 3 күн, 15 жылдан жоғары жұмыс өтілі барларға – 4 күн. Еңбекке ынтаны арттыру, еңбек тәртібін нығайту мақсатында инспекторларға 5 күндік ақылы қосымша еңбек демалысы беріледі. Инспектор-бақылаушылардың саны 2020 жылдың соңында 105 адамды құрады.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының бір жылдағы кірісі 21 миллион 952 мың теңгені құраған. Ол негізінен кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік-экономикалық қолдауға жұмсалады.
Соңғы 15 жылда «Қарағанды ​​Су» ЖШС «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік байқауына белсенді қатысып, бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталды. 2013 жылы «Қарағанды ​​Су» ЖШС «Үздік ұжымдық келісім» номинациясы бойынша «Парыз» дипломымен марапатталды.


«Қарағанды ​​Су» ЖШС бас директоры, Қарағанды ​​қалалық мәслихатының V, VI шақырылымдарының депутаты Данияр Исаевтың айтуынша, кәсіпорындағы өзекті мәселенің бірі жалақы.
«Өкінішке қарай, біздегі еңбекақы Қарағанды облысындағы орташа жалақыдан сәл ғана көп. Егер кәсіпорында орташа жалақы 139 мың 735 теңге болса, облыста 229 мың 146 теңге. Осыған қарамастан біз өз жұмыскерлерімізге сыйақы беруге тырысамыз. Мәселен, 2020 жылы кәсіпорындағы үндемдеудің арқасында жалақы көлемінде сыйақы бердік. 2021 жылы барлық қызметкерлердің жалақысын 10 %-ға көтердік. Екінші мәселе, еңбек жағдайы. Бізде 1389 адам зиынды еңбек жағдайында жұмыс жастап отыр. Зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен арнайы тізім бойынша 6-12 күн аралығында ақылы қосымша еңбек демалысы беріледі. Кәсіпорын жұмысшыларына зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша төлем жалақының 4% – 16% мөлшерінде немесе сағаттық тарифтік ставка бойынша жүзеге асырылады. 2020 жылға арналған қосымша төлемдер мөлшері 121 миллион 797 мың теңгені құрады»,-деді Данияр Исаев.
ҚРКФ төрағасы жоғары деңгейдегі әлеуметтік әріптестік үшін «Қарағанды ​​Су» ЖШС бас директорына Данияр Исаевқа өз ризашылығын білдірді.
«Өкіншіке қарай, біздің елде мұндай әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жұмыс берушілердің саны көп емес. Сондықтан сіздің кәсіпорында әлеуметтік әріптестіктің жоғары деңгейде екендігін айырықша атап өткім келеді. Бұнда кәсіподақтың да, жұмыс берушінің де үлесі бар. Біз көрген ұжымдық шарт біздің елдегі ең үздік ұжымдық шарттардың бірі. Мәселен, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы жүз пайыз төленеді. Тіпті сіздер кәсіби аурулардың алдын алу мақсатында штатта сауықтыру массажын жасайтын массажистті де қарастырып, лайықты еңбек жағдайын жасап отырсыздар»,-деді. Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы жаңа ұжымдық шартта жұмыскерлер мен техникалық инспекторлардың құқықтық сауатын жетілдіру, қоғамдық бақылауды қамтмасыз етіп отырған техникалық инспекторларды қаржылық тұрғыдан ынталандыру мәселесін қарастыру қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин бұл мәселенің Бас келісім жобасында қарастырылғанын, және ҚРКФ қазір Еңбек инспекторлары мен Өндірістік кеңестер мәселесін Еңбек кодексіне енгізу бойынша жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Серіктестік жұмыскерлерді сауықтыруда кәсіподақтық 8 шипажайларда жүргізу мәселесін ойластыруды да тапсырды.


ҚРКФ төрағасы жаңа Бас келісім аясында ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен көтеру бойынша жұмыс тобының құрылғанын жеткізді. Топ отырысында ҚРКФ-ның ең төменгі жалақының мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту және оны инфляцияның өсуінен төмен емес деңгейде жыл сайынғы индекстеуді енгізу туралы ұсыныстары қаралады.
«Үкімет, уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан түсіністік бар. Сонымен қатар, жұмыс тобы кәсіпорындағы жалақыны жыл сайынғы мідетті индекстеуді заңдама енгізуді де қарайтын болады. Біз бұл мәселені қайта-қайта көтеріп жатырмыз. Өкінішке қарай, бұл жүргізілмей отыр. Біздегі барлық ұжымдық шарттарды талдағанда индекстеу тек олардың 10 %-да ғана бар екенін көрдік. Бұл сіздер жаңадан бекіткелі отырған ұжымдық шартта да қарастырылуы тиіс»,- деді Сатыбалды Дәулеталин.
«Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Кұсейін Есенғазин республика бойынша сала қызметкерлерінің жалақысы 140 мың теңге екенін айтып, биыл үш жылға бекітілген салалық келісімде жалақыны көтеру қарастырылғанын жеткізді.
Бұдан соң ҚРКФ басшылығы серіктестік қызметкерлерін толғандырған сұрақтарға жауап берілді.
Қауіпсіздің және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Төлеу Рәшитұлы қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жұмыскердің мүддесіне сай емес, сондықтан оны қайта қарауға ат салысуларыңызды сұраймын деді.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына байланысты 2015 жылдан кейін жарақат алғандарға төлемдердің 29% жұмыс берушілердің мойнына жүктеліп отыр. Қазір ҚРКФ бастамасымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мүгедек кеншілерге бұрынғы жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. 63 жастан кейін олар аталған төлемдерді ала алмайтын болады. Өкінішке қарай, парламент бұл бастаманы қолдамауы мүмкін деді. Бірақ бұл мәселені Парламент пен ел Үкіметінің қарауына бұдан әрі кәсіподақтардан сайланған Парламент Мәжілісі депутаттары арқылы шығаратын боламыз деді ол.


Оңтүстік-Шығыс цехының бригадиріРахат Қажкен зиянды жұмыс жағдайында жүрген әріптестері және өз атынан зейнеткерлік жасын төмендету мәселесінде қолдау көрсетсеңіздер деген өтінішін білдірді.
Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлар институын дамыту мәселесіне тоқтала келе, таяуда Мәжіліс қарауына «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы кіргізілетінін және ҚРКФ тарапынан осы мәселеде кәсіподақтардың мәртебесін көтеруге байланысты түзетулер ұсынылатынын жеткізді. Сонымен қатар, ол «Кәсіподақтар туралы» заңға да осы мәселе бойынша ұсыныстар дайындалатынын айтты. Депутаттың сөзінше, сақтандыру компанияларының қызметіне денсаулық сақтау саласы қызметкерлері де наразы. Соңғы бес жылда осы мәселеге қатысты жоғарыда аталған заң тек сақтандыру компаниясының мүддесіне сай өзгергенін айтып, депутаттық сауал жолданатынын ескертті әрі жұмыскерлерді аталған мәселе бойынша өз ұсыныстарын жолдауға шақырды.
Осы тұста ҚРКФ төрағасы кездесу қатысушыларына ҚР Парламент Мәжілісінде кәсіподақтардан төрт депуттатың сайланғанын еске салып, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы федерация депутаттармен бірлесіп жетілдіруге күш салғалы отырғанын айтты. Бұл ретте заң шығару бастамасы мен депутаттық сауалдар әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін тиімді құралдар болады деген сенім білдірді.

Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы Қарағанды ​​облысы кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы, «Қарағанды ​​Су» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Шахарбаева мен «Қамқор Локомотив» ЖШС «Қарағанды ​​локомотив депосы» филиалының кадрларды даярлау жөніндегі жетекші инженері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Елена Андреевсканы Еңбек Адамының мүддесін қорғау мен кәсіподақ қозғалысының дамытудағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін алғыс хатпен марапаттады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы