“30 Еңбек Елшісі” республикалық жобасының жеңімпазы кәсіподақ жастарымен кездесті

2021 жылдың 11 наурыз күні “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкелерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы дөңгелек үстел басына саладағы жастардың басын қосып, “30 Елдің Елшісі” республикалық жобасының жеңімпазы Кирилл Бердецкиймен жақын таныстырды.

Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Д.Бықыбаев “30 Елдің Елшісі” республикалық жобасы туралы қысқаша тоқталып, “Қазақстан бойынша 196 өтінім білдірген үміткерлердің ішінен жерлесіміз, біздің саланың кәсіподақ мүшесі, “Жамбыл-Тараз” қалалық қоғамдық-саяси газетінің жас журналисі Кирилл Бердецкий озып шығып, 30 жеңімпаздардың қатарына іліккені біз үшін ғана емес барша жамбылдықтар үшін үлкен қуаныш” екендігін айтып, әлеуметтік желіде де Тараздың жастары өз қуаныштарын білдіріп, Кириллды құттықтап, түрлі посттар шыққаны, жастардың кәсіподақтың жаңалықтарына бет бұрып, белсенділік танытып жатқанын аңғартатынын атап өтті.

Кирилл өзінің журналистикалық жұмысы туралы тоқталып, республикалық жобаға ең соңғы күндері әзер уақыт тауып, өтініш анкетасын толтырып жібергенін айтты.

– Жеңемін деген ой болған жоқ , ал енді, 30 жеңімпаздың ішінде бар екенімді естігенімде қатты қуандым, – деді Кирилл.

Дөңгелек үстел барысында Жамбыл облысының “30 Еңбек Елшісіне” бірқатар сұрақтар қойылып, жастар өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Соңында, Д.Бықыбаев жеңімпазды құттықтап , филиалдың атынан Алғыс хатпен сыйлық табыстады.