Дәл бүгінгі қоғамда еңбек күшін сақтау және оны арттыруға бағытталған жұмыстар өте маңызды.
Қазіргі еліміздің аумағында жүргізіліп отырған кәсіподақ қозғалысының мақсаты да еңбек адамының лайықты түрде әлеуметтік қамсыздандырылуына және қызметінің материалдық бағалануына түрткі болу болып табылады.
Сондай мақсаттардың орындалуына қолдау білдіріп жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бірі – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы. Құрамында аталмыш оқу орында қызмет ететін профессор-оқытушылардан бастап жас мамандарға дейін жалпы саны 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі бар.
Аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы өз сөзінде бірлестік құрамында бірнеше жылдық еңбек өтілі бар, өз ісінің майталманы атанған профессор-оқытушылардың бар екендігін тілге тиек етіп, ұйымның тағы да бір профессормен толыққандығын жеткізді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы жаратылыстану-география факультетінің «Биология-экология» кафедрасының доценті, 30 жылдық еңбек өтілі бар еңбек адамы Гүлнара Бимағамбетованы білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін берілген «Қазақстанның құрметті профессоры» төсбелгісімен құттықтайды.