Ақтөбеде бастауыш кәсіподақ ұйымы Амал мерекесінде “Көрісейік, ағайын” атты концерттік шара өткізді

«Өнер орталығы» сахнасында халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын наурыз мерекесіне орай «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің филармонияның дәстүрлі әншілермен біріккен «Көрісейік, ағайын!» атты концерті өтті.

«Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов. Дәстүрлі әншілердің көркемдік жетекшісі – халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері Ғазиза Әбдірова. Концерттік бағдарлама Шал Мырзаның “Мереке” күйімен басталып, “Угай-ай”, “Беу, айдай” сынды халық әндерінің әуенімен көрісу ғұрпын дәріптейтін арнайылап жазылған өлеңмен ашылды.

Кеш барысында Ш.Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», Халық әндері «Әгугай», «Балқадиша», Е.Арзыұлының «Наурыз – жыл басы», Естайдың «Сандуғаш», А.Қоразбаевтың «Шашбаулым», Қ.Молжановтың «Қазақтың салты», Қазанғаптың «Әлиманың бозжорғасы» және тағы басқа әндер мен күйлер орындалды. Концертте ҚР мәдениет қайраткері Перуза Нарман, ҚР мәдениет саласының үздігі Елдос Жұмағұлов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Гүлназира Сағынғанова, Нұрлан Әбдібеков, Ғазиза Әбдірова, Динара Шынарбаева, Әділет Күзенбаев, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» би ансамблі және «Екі езу» сатира театры өнер көрсетті.