2021 жылдың 12 наурыз күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ғимаратында «Халықаралық құқық қорғау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша директоры, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы татуласу орталығының кәсіби медиаторы Зәуреш Шатиковамен кездесу өткізілді.
Кездесудің басты мақсаты – медиация жұмысын жан-жақты жүргізу, құқықтық қатынастарға байланысты туындайтын мәселелерді уақытында және тиімді шешу жолдарын талқылау. Дөңгелек үстелге БҚО «Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері – Зина Төлеуғалиева және облыстық әкімдік пен қалалық әкімдіктің өкілдері, облыстық соттың мамандары келіп қатысты. Аталмыш кездесу барысында өңірдегі татуласу орталықтарының жұмысымен қатар, медиацияның бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы туралы да айтылды.
Еске сала кетсек, Шатикова Зәуреш Ахметқызы – 2017 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығымен бірге жұмыстанып келе жатқан, бүгінгі таңда, «БҚО Кәсіподақтар Орталығы» АКБ жанындағы татуласу орталығының жетекшісі болып табылатын Халықаралық деңгейдегі кәсіби медиатор.
Бүгінгі жиында еңбек адамының, маманның құқығын қорғау аясында атқарылуы тиіс сотқа дейінгі үрдістердің тиімді механизмдері ұсынылып, аталмыш саладағы әлеуметтік қайшылықтар мен мәселелер талқыға түсті.
Өз сөзінде медиатор:
– Еліміздегі татуласу орталықтары мен медиация кабинеттерінің жұмысы әр өңірде әртүрлі деңгейде жүргізіліп отырғаны жасырын емес. Ал, халық үшін ақпараттандыру жеткілікті болып жатыр деп айта алмаймын. Сондықтан жұмыстарымыздың ақпараттық таралымын және БАҚ-тағы белсенділігін көтеру әрекеттерін кешенді жоспардың алдыңғы қатарына қою керекпіз деп ойлаймын, – деді.