2021 жылғы 17 наурыз күні «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Шымкент қалалық филиалы Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысты филиал төрағасы С.Әуесханов жүргізді.
Отырыстың күн тәртібінде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының Атқару комитеті мүшелерінің санын көбейту және қосылған бос орынға қосымша мүшелер сайлау, қалалық филиалдың 2020 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары мен 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Атқару комитетінің мүшелерінің саны 5-тен 7-ге көтеріліп, саны бекітілді және бос тұрған орындарына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғалымжан Нәлжанов және Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ляззат Рамазанова ұсынылып, бірауыздан Атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.
Сондай-ақ, филиалдың Ережесіне сәйкес «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Шымкент қалалық филиалының 2020 жылы атқарған жұмыстары бойынша филиал төрағасы С.Әуесханов жылдық есебін беріп, филиалдың 2021 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Қорытынды бойынша филиал төрағасының есебі назарға алынып, жұмыс жоспары бекітілді.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Филиал төрағасы С.Әуесханов өз есебінде Шымкент қалалық филиалының құрамында жалпы 31 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар екенін және оларға 1994 кәсіподақ мүшесі тартылғанын көрсетті.
Кәсіподақтың ең негізгі жұмысы – бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу болып саналады.
Осыған байланысты өткен жылы карантиндік шектеулерге қарамай, жалпы 6 мемлекеттік мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашып, оған 182 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылса, ал 2021 жылдың басында 7 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 185 адам кәсіподақ мүшесі болды. Барлық ұйымдарда ұжымдық шарттар жасалып, мемлекеттік еңбек инспекциясынан тіркеуден өтті.
2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 22 отырыс, оның ішінде комитет отырысы 3 рет, пленум отырысы 1 рет, президум отырысы 18 рет өткен.
Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мамандарымен бірге еңбек заңнамаларының сұрақтары бойынша 112 рет еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру бойынша ұжымдармен кездесулер, семинар-кеңестер өткізілген.
Бұдан бөлек, тікелей филиалдың ұйымдастыруымен кәсіподақ ұйымдарын ашу бойынша 85 мекемеде кездесу, 2 дөңгелек үстел, 5 семинар, 21 мерекелік марапаттау шаралары, 2 сенбілік жұмыстарын өткізген.
Кәсіподақ мүшелерін ынталандыру мақсатында түрлі дәрежедегі наградалармен 111 адам марапатталды.
Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелеріне сыйлықтар тапсыруға, қайырымдылық жасауға, кездесу шараларына, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар алуға, үздік кәсіподақ мүшелеріне ақшалай сыйақы беру бойынша қаржы бөлінгені хабарланды.
Сонымен бірге, төтенше жағдай кезеңінде демеушілер ұйымдастыру және филиал қаржысын бөлу арқылы көрсетілген қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары бойынша «Mega Pharma» ЖШС-нің демеушілігімен #БізБіргеміз акциясы аясында коронавируске қарсы күресу және қорғану бағытында қала тұрғындарына 20000-ға жуық тегін медициналық бетперделер үлестірілді. Акцияға «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің және «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері, ерікті жастар қатысты. Іс-шара барысында жастар қаланың адамдар көп шоғырланатын жерлерде, автотұрақтарда, қоғамдық көліктерде, саябақтарда, сондай-ақ, полиция бөлімшелерінде маскілер таратты.
Шымкент қаласы әкімдігімен келісе отырып, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірге әлеуметтік аз қамтылған мұқтаж отбасыларының тізімін жасақтап, оның 50 отбасына арнап азық-түлік себептері таратылған.
Аталған іс-шараға кәсіподақ мүшелерінің қайырымдылығы және оған тартылған демеушілердің есебінен 750,0 мың теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Филиалдың еңбек қатынастары және кәсіподақ жұмыстары жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы 215 материал жарияланған.
Аталған жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табатын болады.