Облыстық ұйымның негізін бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен аудандық, қалалық филиалдар құрайтыны белгілі. Ұйымдардағы жауапты тұлғалардың біліктілігін арттыру – Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жұмысының басты бағыты.
Бұл жұмыс эпидемиялық жағдайға қарамастан жанданып, облыс деңгейінде кәсіподақ төрағаларына тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсетіліп келеді. “Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылына” орай бірқатар білім беру мекемелерімен бейнебайланыс арқылы кездесулер өткізіліп, атқарылған жұмыс туралы ақпаратпен еңбек ұжымы толықтай таныстырылды. Шара аудандық, қалалық деңгейдегі филиалдарды да қамтыды.
Облыстық ұйымның қызметкерлері мен бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы А. Исабаев жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Текелі қалалық филиалына барды. Онда 2019-2020 жылдары жинақталған құжаттардың реттелу барысын қарап, әдістемелік көмек көрсетті. Филиал құрамындағы 15 бастауыш ұйымда 1091 кәсіподақ мүшесі бар. Жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, маңызды жиындар уақытында өткізілген. Облыстық ұйымның қызметкерлері кәсіподақ жанынан жастар, әйелдер істері жөніндегі Комиссия, педагогикалық еңбек ардагерлері Кеңесі құрылғанына және филиалдың жұмысы бір жүйеге шоғырланғанына көз жеткізді.
Сонымен қатар, облыстық ұйымның заңгері Е.Қасымбеков Текелі қаласындағы кәсіподақ мүшелерінің тарапынан туындаған еңбекақының дұрыс төленуі, жұмыс уақытының лауазымдық нұсқаулықта көрсетілуі сынды сұрақтарға заң тұрғысынан толық жауап берді.