Парасат жолы. Кәсіподақ жастары еңбек ардагерлерімен кездесті

Төл мереке – Наурыз мейрамына орай Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңірдің құрметті азаматтары, елімізге танымал ақын-жазушылар, тарихшы, өлкетанушылар, жастардың белсенді өкілдері, белгілі журналисттер бас қосып, ұрпақтар сабақтастығы аясында тәлім-диалогын құрды.

Аталмыш жиынға қонақ болып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай ұйымдастырған «30 ЕҢБЕК ЕЛШІСІ» жобасының Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпазы, кәсіподақ жастарының көшбасшысы Ақерке Шайқы қатысты. Кездесуде қазақтың, жайықтың ақ шағаласы атанған ақын қыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Аққұштап Бақтыгереева еңбек жолының қызуында қайнап жүрген жастар өкілдеріне өзінің ақыл-кеңесін айтып, батасын берді.

Еске сала кетсек, еліміз бойынша ҚРКФ-ның бастамасымен «30 Еңбек елшісі» жобасы ағымдағы жылдың ақпан айында бастау алып, өзінің іріктеу кезіңін жариялаған болатын. Республика бойынша келген 200-ге жуық өтініштің ішінен 30 үміткер келесі кезеңге жолдама алды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Мерген Сүлейменов пен Ақерке Шайқы жеңімпаз атанды.