Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы жыл басынан бері ерекше белсенділіктерін жалғастырып келеді.
Аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымында Батыс Қазақстан облысының аудандық әкімдіктерімен меморандумдар жасалып, жергілікті басқару органдарымен бірлескен шаралар басталып кетті. Сондай шаралардың бірі – Наурыз жәрмеңкесі. Бастауыш кәсіподақ ұйымының Теректі аудандық әкімдігімен жасасқан өзара әріптестік меморандумына сәйкес, ағымдағы жылдың наурыз айында университет ауласында сүт өнімдерінен жасалған тағамдардан жәрмеңке өткен болатын. Қазіргі таңда, еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты өңірлерде азық-түлік бағасы қымбаттауда, бұл орайда, университет қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы сүт өнімдерінен жасалған құнарлы тағамдарды қолжетімді бағада оқу орынның мұғалімдеріне, қызметкерлеріне ұсынды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында кәсіподақ ұйымының тұрғын үй жөнінде комиссиясының шешімімен оқу орынның жас ғалымына қызметтік пәтер берілді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және мерекелік демалыс күндерін тиімді өткізу мақсатында оқу орын қызметкерлерінің балалары үшін зообаққа 100 билет табысталды.
Аталған белсенді кәсіподақ ұйымының төрағасы – Талғат Хасанұлы Рахметов, қазіргі таңда, бастауыш кәсіподақ ұйымында 200-ден астам кәсіподақ мүшесі бар.