Бастауыш ұйым: Наурызда жыл қорытындыланды

Наурыз мерекесі күндерінде Қоныс кен орнында «Қуат Амлон Мұнай» серіктестігі қызметкерлерінің локальды кәсіподақ ұйымының бір жылдық жұмысы қорытындыланды.

Локальды кәсіподақ төрағасы Айбек Әбдреев кәсіподақ мүшелері алдында кәсіподақ ұйымымен жыл бойында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кәсіподақ ұйымы алда атқарылатын жұмыс жоспарын да айқындады. Жыл басынан ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша жүргізілген келіссөздер нәтижесі де талқыланды.

Қызылорда облысының мұнай саласында көп жылдар бойы жұмыс жасап тұрған «Қуат Амлон Мұнай» біріккен кәсіпорыны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кәсіподақ ұйымы 2018 жылы бір топ жұмыскерлердің бастамасымен құрылған болатын. Қазірде локальды кәсіподақ ұйымы құрамында 265 жұмыскер кәсіподақ мүшесі. Жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек мүдделерін білдіруде, тұрақтылықтың сақталуы мен кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғауда компанияның кәсіподақ ұйымы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай бірқатар кәсіподақ белсенділері Қызылорда облысы әкімінің Алғыс Хатымен және облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының Алғыс Хаттарымен марапатталды.

#КәсіподақКз #БҚҰ21