Ұжым ішінде кәсіподақтың беделі жоғары

Бралина Роза Маратқызы еңбек жолын Алматы қаласындағы станоктар шығаратын кәсіпорын жанындағы училищеде «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінен дәріс беруден бастады. 1984 жылы Арқалық қаласының Медицина колледжінде тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. 2001 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Astana polytechnic» жоғары колледжінің» орыс топтарында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқытушысы болып істейді.

Р.Бралина 11 жылдан бері аталмыш колледждің кәсіподақ ұйымының төрайымы міндетін атқарып келеді.

Кәсіподақ саласындағы ұзақ жылдарғы еңбегі еленіп, жоғары жетістіктері үшін 2015 жылы Білім және ғылым қызметкерлерінің Республикалық кәсіподағының төсбелгісімен марапатталды.

«Кәсіподақ ұйымының отырыстарында ұжымдық шарттың орындалуын, еңбек жағдайының қауіпсіздігі, еңбекақысы төлеу жүйесіндегі өзгерістер мен қызметкерлердің құқықтарын сақтау туралы мәселелерді жиі талқылаймыз. Колледж ұжымының 80 пайызы – кәсіподақ мүшелігінің қатарында. Еңбек ұжымында 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарт бекітіліп, техникалық персоналдың еңбек демалысына қосымша 6 күн, техникалық инспекторға 5 күн қосу енгізілді» деп атап өтті Р. Бралина.

Кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің денсаулығын оңалтуға жазғы уақытта 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийлерге жолдама беріп отырады. Мерейтой иелеріне, кәсіби және мереке күндеріне орай барлық кәсіподақ мүшелеріне жекелей сыйлықтар беріледі. Егер кәсіподақ мүшесінің отбасында жақындарының біреу қайтыс болса, 30 000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, ұжымдағы Ауған соғысының екі ардагеріне, еңбек ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі.
Р. Бралинаның айтуынша, бұдан басқа кәсіподақ мүшелерінің баспана мәселелеріне байланысты бағдарламалар бойынша кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, құжаттарды жинауға көмек береді екен. Соның нәтижесінде жуық арада бірнеше қызметкерлер баспана алу құқына ие болған.

«Astana polytechnic» жоғары колледжінің» командасы жыл сайын өткізілетін Туристер слетінде жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» республикалық конкурсында колледждің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы, оқу шеберханаларының меңгерушісі Виктор Глущенко III орынды иеленді.

«Ұжым ішінде кәсіподақтың беделі жоғары, себебі жұмысымыздың басты қағидасы – әр мүшенің мәселелерін талқылап, барынша көмектесу», – дейді Роза Бралина.