Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының бастамасымен Жуалы, Талас және Сарысу аудандарында бірқатар өндірістік кәсіпорындар мен ірі шаруа қожалықтарының басшыларымен арнайы кездесу өтті.
Жұмыс берушілермен өткен кездесуде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б. Қарашолақов бастауыш кәсіподақ ұйымын құрудың қажеттігін айта отырып, бүгінде кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамына көрсетіп отырған көмегі мен қолдауы, құқығын қорғауы, ұжымда қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуалдың қалыптасуы мәселелерін түсіндіріп берді. Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының бүгінде атқарып жатқан жұмыстары мен әлеуметтік маңызды бағдарламаларына тоқталып өтті.
Сондай-ақ жиынға қатысқан «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы РҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары А. Наурызбаев пен өңірдегі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы филиалының төрағасы Б. Данияров кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларына өздерінің салаларында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырып, еңбек ұжымында қабылданатын ұжымдық шарттың өзекті тұстарын жан-жақты жеткізді.
Аудан әкімдері тарапынан бұл кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымын құруға байланысты қоғамдық негізде әр ауданда жауапты адамдарды бекітіп, бірге жұмыс жүргізетінін жеткізді.