Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелігінде 2021 жылғы ақпарат бойынша 1443 қызметкер бар.
Білім беру саласында үлкен тәжірибеге ие, белсенді мамандар шоғырланған бастауыш кәсіподақ ұйымында жаңашыл бастамалар мен тың идеяға бағытталған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Аталмыш бірлестікте бастауыш кәсіподақ ұйымы жылында жаңа жетекші сайланып, кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарындағы мәселелерін болдырмау, еңбек адамының құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар жоспары қабылданған болатын.
Айта кетер болсақ, белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымының осыған дейінгі төрайымы болған Дина Саматқызы – кәсіподақ қозғалысында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған, тәжірибелі жетекші. Қаратөбе аудандық білім беру саласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінің белсенді көшбасшысымен бірге еліміздегі төтенше жағдай кезінде, карантиннің алғашқы толқынында халық арасында толқулар пайда болып, әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлкен ауыртпалықтар түсіп, еңбек қатынастарында құқықтары бұзылған ұстаздарға қолдау көрсеткен болатын. Дегенмен, көштің бастаушысы алмасқанымен, көш өз бағытын жоғалтпай жылжып келеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жаңа төрайымы, еңбек адамы – Сағира Ақдунова өзінің кәсіподақ қозғалысындағы белсенді жұмыстарын көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Сағира Шаколовна бастаған бастауыш кәсіподақ ұйымы аудандағы кәсіподақ ардагерлеріне, зейнеткер ұстаздарға арнайы «Наурыз қоржын» табыстап, еңбек жолындағы аға буын өкілдерімен еркін сұқбат ұйымдастырды.