Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы марапатқа ие болды

Елордадағы № 31 мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбек Қабыкенұлы Абадилов білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіподақ ұйымының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды.

Ол Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының тумасы. Білім беру саласының өркендеу жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде 25 жыл қызмет атқарып келеді. Шәкірттеріне білім нәрін берумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады.

Білім беру ұйымындағы кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмектер көрсету, ардагерлермен тығыз байланыс орнату мен кәсіподақ мүшелеріне қолдау танытуда көптеген игі істер атқаруда.

Нұрбек Абадилов мектеп ұжымында мәдени іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырады. Мектеп әкімшілігімен бірлесіп мұғалімдер арасында «Жыл мұғалімі», «Үздік оқу жоспары», «Үздік педагог» сияқты сайыстар өткізіп тұрады. Мектеп ұжымы оның жетекшілігімен қалалық деңгейдегі шығармашылық байқаулардан да жүлделі орындарды иемденген.

Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы мен Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының 90 жылдығын мерекелеу аясында «Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын насихаттағаны үшін» медалімен марапатталған.

Сонымен қатар мектептегі жас педагогтардың шығармашылық қырларын ашу үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Бұл ұжымдағы жас педагогтар қалалық, халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары атанғанын атап өткен жөн.

№31 мектеп-гимназиясының жас педагогтары Мәскеу қаласында өткен «Пікір алмас! Жасампаз бол! Игілігіңе жарат!» халықаралық фестивалінде алғыс хаттармен марапатталды.

Нұрбек Қабыкенұлының білім беру және кәсіподақ қызметі саласындағы еңбегіне толағай табыстар тілейміз!