“Еңбек адамы” айдарының кезекті кейіпкері – Түркістан облысы, Созақ ауданының тұрғыны, барша елге үлгі боларлық нағыз еңбекқор жан Нұржамал Төлеуова.
1962 жылы Қызылкөл ауылында дүниеге келген Нұржамал Құлжабайқызы 16 жасынан бастап, яғни 1978 жылдан 1992 жылға дейін трактор айдап, механизатор боп жұмыс жасаған.
Ер азаматтармен бірге трактор руліне отыру оңай дейсіз бе? Шаруашылық басшылары қайда жұмсаса, сонда барып, намысқа тырысып, шаруашылықтың озат механизаторы атанып, өз қызметін абыройлы атқара алған. “Еңбек еткеннің ертеңі жарқын” демекші, елеулі еңбегінің арқасында республикаға аты шығып, өзінен кейін шыққан жастарға үлгі болды.
«Еткен еңбегімді бағалап сол кездегі аудан басшылары аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырды. Партия комитетінде қызмет атқардым. Кейін Құмкент ұжымшарына келіп, гараж меңгерушісі болдым. Звено жетекшілігін атқардым. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының механик факультетін бітірдім. Қызылкөл елді мекеніндегі клубты басқардым. Осы қызметтердің барлығында тәжірибемді, біліктілігімді аянғаным жоқ», – дейді Нұржамал Төлеуова.
2008 жылдан бері Құмкент ауыл округіне қарасты Қызылкөл елді-мекеніндегі «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бүгінгі таңда балабақшада 45 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің өзгелерден ерекшелігі қажетті көкөніс пен жеміс сырттан әкелінбейді. Барлығы балабақша ауласында өсіріледі. Осының бәрі еңбекқор кейіпкеріміз Нұржамал Құлжабайқызының бастамасымен жүзеге асуда.
Әрдайым еңбек жолында кез-келген жасқа жұмысыңды адал істе, ерінбе деп ақыл айтудан жалыққан емес. Балабақша қызметкерлерінен де осыны күтеді, әр қызметкердің белгілі бір міндеті бар. Бау-бақшада өсіп шыққан жеміс пен көкөністерден шырын мен тосап, түрлі салаттар жабылып, қыс бойына бүлдіршіндерге беріледі. Бұдан бөлек, жылыжайда қияр егілген, сәуір айында алғашқы өнім жинау науқаны басталмақ. Ал, жаз айларында мұнда қауын мен қарбыздың да түр-түрін табуға болады.
Ал мекеме ауласын көріктендіру мақсатында раушаннан бастап 200 шақты гүл отырғызылған.
Нұржамал Төлеуова 2017 жылы Облыстық кәсіподақ комитетіне сіңірген еңбегі үшін комитеттің «Ұстаз жолы» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, сол жылы «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» байқауының облыс бойынша І-орын жеңімпазы, «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жүлдегері, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. 2018 жылы «Үздік балабақша меңгерушісі» және 2019 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.